Тазалық шарасы қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды
Алматыда жалпықалалық сенбілік өтуде. Тазалық шарасы қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мегаполисте жастар, тұрғындар, танымал әншілер тазалық жұмысын жүргізіп, қаланы көгалдандыруға, ағаш егуге үлес қосуда. Таза ауада таң шуағына бөленген сенбілік қатысушылары іс-шараға қатысты әсерімен бөлісті.
«Әсем Алматыда үлкен сенбілік өтіп жатыр. Біріншіден, осындай шараны ұйымдастыруға көмектескен әкімшілікке, шаһар басшысы Ерболат Досаевқа алғысымды білдіремін. Бұл өте жақсы бастама, жыл сайын өткізіледі. Алматы жасыл желегімен ерекше қала. Бірақ алмаларымыз азайып бара жатыр. Бірақ ғылым арқылы бұл мәселені шешіп, Алматы деген атымызды қайта шығара аламыз деп сенемін. Енді мен қала тұрғындары мен азаматтарды тек ұйымдастырылған сенбілікте ғана жиналмай, өздері де бас қосып, көршілер болып, үй маңында тал егуге шақырамын. Жыл сайын адамдар осылай ағаш егіп тұрса, біздің қаламыз одан сайын көркейеді», – деді ҚР еңбек сіңірген әртісі Бақтияр Тайлақбаев.