«Алматы жастары» бағдарламасы аясында биыл 1100 жас алматылық баспаналы болады. Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Отбасы банк» АҚ Алматы қалалық филиалы директорының орынбасары Элизада Түретаева мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Алматы жастары» бағдарламасына өтініштерді қабылдау 15 мамырда басталып, 31 мамырға дейін жалғасады. Тұрғын үй бағдарламасының әлеуетті қатысушылары almaty-zhastary.kz сайтында онлайн өтініш бере алады. Ол үшін үміткерлерге ЭЦҚ қажет.
Алматы әкімдігі мен Отбасы банкінің бірлескен жобасына 35 жасқа дейінгі/толған алматылықтар қатыса алады. Өтініштер Алматы қаласындағы мемлекеттік республикалық және қалалық ұйымдарда жұмыс істейтін азаматтардың келесі санаттарынан қабылданады:
- дәрігерлер мен медбикелер;
- мұғалімдер мен тәрбиешілер;
- әртістер, жазушылар, суретшілер, композиторлар, мәдениет саласының қызметкерлері;
- жаттықтырушылар мен спортшылар;
- университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері;
- әлеуметтік сала қызметкерлері мен қалалық коммуналдық қызмет мамандары;
- құқық қорғау органдарының қызметкерлері (ҚР ІІМ, ТЖД, қалалық прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, Экономикалық тергеу департаменті)
- журналистер мен БАҚ қызметкерлері (мемлекеттік және коммерциялық)
Үміткерлердің ресми жұмыс өтілі Алматы қаласында соңғы жарты жылдан кем болмауы тиіс.
Сондай-ақ, бағдарлама қатысушысы және оның отбасы мүшелері соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлікке ие болмауы тиіс.
«Алматы жастары» бағдарламасы 2017 жылы басталған болатын. Қазіргі таңда қаланың жас тұрғындары арасында өте танымал. Осы уақыт аралығында біз қала басшылығымен бірлесіп 3 393 жас азаматты 52,5 млрд теңгеге баспанамен қамтамасыз еттік. Биыл бағдарламаны жүзеге асыруға 20 млрд теңге бөлінді, оның 17 млрд теңгесі қалалық бюджеттен, 3 млрд теңгесі Отбасы банкінен. Бұл қаражат 1100 алматылық тұрғынның баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Э. Туретаева.
Аlmaty-zhastary.kz сайтында өтініштерді қабылдау аяқталғаннан кейін Алматы қаласы тұрғын үй саясаты басқармасы үміткерлердің жиналған ұпайлары бойынша қатысушыларды іріктейді. Ұпай санына некеге тұрған жылдары, балаларының болуы, кәсібі бойынша үздіксіз еңбек өтілінің ұзақтығы, халықтың әлеуметтік осал топтарына жатуы әсер ететін болады.
Үміткер тізімі құрылғаннан кейін олардың барлығы төлем қабілеттілігін растау үшін Отбасы банкіне жолдама алады. Банк қатысушыға заем алу туралы оң шешім шыққан күннен бастап баспана іздеуге 45 күнтізбелік күн уақыт береді. Пәтерді Алматы қаласындағы алғашқы немесе екінші нарықтардан, сондай-ақ «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігі бар нысандардан сатып алуға болады.
Отбасы банк тұрғын үйін сатып алуға 18 млн теңгеге дейін заем бере алады (егер мүліктің құны 18 млн теңгеден жоғары болса, онда айырмашылықты қатысушы өз қаражаты есебінен төлей алады). Алғашқы жарна кемінде 10% болуы керек. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі 5% (ЖТСМ 5,2%) болады. Несиені 25 жылға дейін алуға болады.