Залалды бағалау комиссиясының жұмысына барлық қызметтер мен ұйымдар тартылды
Қаладағы ШОБ нысандарының ішінде азық-түлік емес дүкендер ең көп зардап шекті. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Алматы қаласының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысында әкімнің орынбасары Ілияс Өсеров мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша залалды бағалау жөніндегі қалалық және аудандық комиссиялар құрылып, жұмыс істеп жатқаны белгілі. Комиссия жұмысына іс жүзінде барлық қызметтер мен ұйымдар, соның ішінде «Атамекен», тәуелсіз бағалаушылар мен аудиторлар палатасының өкілдері тартылған.
Алдын ала деректер бойынша (14.01.2022 жылғы жағдай бойынша) мүліктің барлық түрлері бойынша залалдың жалпы сомасы 112 млрд теңгеден асты (~112,6 млрд), оның ішінде: бизнес субъектілері бойынша 67 млрд (ШОБ – 42 млрд, ірі бизнес – 25 млрд) жетті.
Алматы әкімінің орынбасары атап өткендей, ШОБ арасында азық-түлік емес дүкендер – 20,9 млрд, азық – түлік дүкендері – 5,7 млрд, қару-жарақ дүкендері – 6,4 млрд, ломбардтар-2,9 млрд, қоғамдық тамақтану объектілері – 1,8 млрд теңгеге және т.б. зардап шекті.
«Қаржы ұйымдары бойынша (банк бөлімшелері, банкоматтар) алдын ала залал 701,7 млн құрады, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп, зардап шеккен объектілер бойынша деректерді жинап жатыр. Біз жақын күндері Агенттіктен мәліметтер аламыз деп күтудеміз», – деп атап өтті Ілияс Өсеров.
Ірі бизнес бойынша шығын шамамен 25 млрд теңгеге жетті.
Бұдан басқа, 306 млн жанар-жағармай құю бекеттері зардап шекті, басқа нысандардың шығыны 3,1 млрд теңге болды.
«20 әкімшілік ғимарат, полиция департаментінің 10 бекеті, 17 экопост пен әуежай ғимараты бойынша шығын 22,6 млрд теңгеден асады», - деп атап өтті Алматы әкімінің орынбасары.
Атап айтқанда, әкімдік ғимараты 20 млрд тг; Бас прокуратураның Арнайы есеп басқармасының ғимараты 2 млрд тг; Полиция департаменті мен аудандық басқармалардың ғимараттары мен бекеттері 205 млн тг; 17 экопост – 162,7 млн тг; медициналық нысандар – 2,1 млн және т. б.