18 маманданған орталықтың құрылуы көптеген әлеуметтік мәселелерді шешеді – Мақсат Жақауов

30.06.2022 17:55

Жұмыспен қамту деңгейі едәуір өседі

Almaty.tv

Алматы әкімдігі «Алматы – адамдар үшін жаһандық қала» бағдарламасын әзірледі, онда мегаполисті 2025 жылға дейін дамытудың негізгі басымдықтары мен 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар көрсетілген. Қала тұрғындары бағдарламамен танысып, өз ұсыныстарын «Алматыны дамыту орталығының» сайтында 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін қалдыра алады. Осыған байланысты Абай атындағы ҚазҰПУ, оқытушысы Мақсат Жақауов 2025-2030 жылдарға 50-100 пайызбен мектеп автобустарымен қамтамасыз ету бастамалары дұрыс жасалғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Алматы қаласының бірден-бір үлкен мәселесі – көшелердегі жол кептелісі. Егер қала жоспарындағыдай, мектеп автобустарын енгізетін болса, көше тығындарының 15 пайызға азайып, жұрт діттеген жеріне қиналмай барушы еді. Себебі көп мектептер қала орталықтарында болған соң, баласын мектепке өз көліктерімен ата-аналары апарып жатады. Сондықтан 2025-2030 жылдарға 50-100 пайызбен мектеп автобустарымен қамтамасыз ету бастамалары дұрыс. Бұл білім саласындағы жаңалықтардың бірі», – деді Мақсат Жақауов.

Оның айтуынша, ал дуалді жүйемен арнайы колледждердің білім алушыларын жұмыс берушілердің мекемелерінде кәсіби тәжірибесімен қатар өткізуге қол жеткізу, бұл әлемдік практиканың үлгісінде жүру деген сөз. 18 маманданған орталықтың құрылуы, қысқа мерзімдегі NEET жастарына қайта даярлау курстарын кеңінен жүргізу көптеген әлеуметтік мәселелерді шешіп, жұмыспен қамту деңгейі едәуір өседі.

«Алматы қаласында 250 мыңға жуық студент оқиды, соның 60 пайызы шалғайдан келіп оқитындар. Оларға әлбетте жатақхана жетіспейді. Қала жоспары бойында 2025 жылға дейін 12 мыңдық, 2030 жылға дейін 20 мыңдық орындық жатақханамен қамту, әрине, күрделі де, бірақ өте қажет қадамдар. Егер студенттерге қолжетімді жатақхана орындары болса, ата-аналар да тыныш, университеттердің де уайымы азаяр еді», – деді ол.

Айта кетейік, Алматы әкімдігі «Алматы – адамдар үшін жаһандық қала» бағдарламасын әзірледі. Жоба жеті бөлімнен тұрады, олар: «Жайлы қалалық орта», «Тұрақты экономикалық өсу», «Басқарылатын урбанизация», «Әлеуметтік орнықтылық пен тұрақтылық», «Жасыл Алматы», «Смарт сити», «Қауіпсіз қала».

Алматыны кеңістіктік дамытудың негізгі міндеті – жайлы қалалық орта құру және қаланың барлық аудандарында өмір сүру сапасын арттыру. Ол үшін үш басым бастама айқындалды: Алматыны көпорталықты дамыту, қоғамдық көліктің дамыған жүйесі және аудандардың байланыстылығы, жаңа тарифтік саясатты енгізу және шығындарды азайту арқылы ТКШ қызметтерінің сапасын жақсарту.