Ерболат Досаев Түрксіб ауданының проблемалық мәселелерімен және даму перспективаларымен танысты

14.02.2022 17:55

Жұмыс сапары барысында қала әкімі «Авиатор» стадионының аумағын аралап көрді

Алматы әкімінің баспасөз қызметі / пресс-служба акима Алматы

Жаңа дәрігерлік амбулатория, 1500 балаға арналған мектеп пен денешынықтыру кешені. Бұл су жаңа әлеуметтік нысандардың бәрі де Түрксіб ауданында салынады. Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев мұнда арнайы жұмыс сапарымен келіп, кеңес өткізді. Түйіткілді мәселелермен танысып, оны шешу жолдарын пысықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қала әкімі Ерболат Досаев аралауын Әлмерек шағынауданынан бастады. Қазір мұнда емхана мен мектеп тапшы. Жұмыс істеп тұрған жалғыз дәрігерлік амбулатория санитарлық нормаларға сай келмегендіктен жұмысын тоқтатқан еді. Аумағы кең бұл жерге алдағы жылы жаңа емхана салынады. Сонымен қатар биыл №195 мектеп пен 59 гимназияға күрделі жөндеу жүргізіліп, қосымша ғимарат бой көтереді. Қала әкімі күрделі құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасымен танысып, жұмысты жедел бастауды тапсырды. 

Жұмыс сапары барысында қала әкімі «Авиатор» стадионына барды. Стадион 3 гектар үлкен аумақты алып жатыр, мұнда бос жатқан жер бөлігі көп. Қала әкімі оны тиімді падалану керек екенін айтты. Айтты да, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жобалау жұмыстарын бастауды тапсырды. Спорт нысаны салынып, падалануға берілсе, оның игілігін Нұршашқан, Әлмерек шағынаудандары мен әуежай маңындағы тұрғындар көреді. Аудан оқушылары үшін секциялар тегін жұмыс істейді.

Ауданда тозығы жеткен үйлерді реновациялау бағдарламасы қарқынды жүзеге асып келеді. Мәселен, Сауранбаев, Молдағалиев, Чернышевский мен Толстой көшелерінде екі қабатты 4 үй бұзылып, орнына зәулім 3 көпқабатты тұрғын үй салынды. Сондай-ақ дәл осындай 7 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы ауданда 606 үй реновация бағдарламасымен сүрілуі тиіс. Қала бойынша ескі тұрғын үйлердің 50 пайызы осы Түрксібте орналасқан. 

Ауданда мектепке дейінгі білім беру мекемесі мәселесі де өзекті. Қазір 400-ге жуық бала кезекте тұр. Мәселені шешу мақсатында Огарев көшесінде орналасқан ескі балабақша қайта падалануға берілетін болды. Аумағы 2 гектардан асатын бұл жерге алдағы жылы 160 орындық заманауи бөбекжай салу жоспарлануда. Сонымен бірге дәл осы жерде балалар шығармашылығын дамыту орталығы бой көтермек.

Қала әкімі жұмыс сапарының соңында Қайрат шағынауданындағы 41 көппәтерлі тұрғын үй мен 1500 балаға арналған мектептің жобалау жұмысымен танысты. Білім ордасының құрылысы биыл жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілмек. Тұрғындарды орталықтандырылған ауыз сумен қамту және инженерлік желілерді жаңарту жұмыстары да үнемі аудан әкімдігінің назарында. 

Ұлағат Арғын, Мұратбек Алмасхан, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы