Алматының Наурызбай ауданында биыл 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды

03.08.2021 18:07

Аудан тұрғындарын жұмыспен қамту үшін «Еңбек», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бастау Бизнес» және басқа да көптеген мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері пайдаланылады

egemen.kz

Алматының Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингі барысында ауданның еңбек нарығындағы жағдай туралы айтты. Оның айтуынша, биыл ауданда 2157 жұмыс орны ашылды, 600-ге жуық жұмыссыз қоғамдық жұмыстарға жіберілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Жалпы биыл біз 7 мыңға жуық жұмыс орнын ұсына отырып, аудан аумағында 120-ға жуық жаңа жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», – деді Санжар Тоғай.

Аудан тұрғындарын жұмыспен қамту үшін «Еңбек», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бастау Бизнес» және басқа да көптеген мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері пайдаланылады.

Наурызбай ауданының әкімі тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ашатын жаңа денсаулық сақтау нысандарының құрылысы туралы да айтты.

Санжар Тоғайдың айтуынша, жаңадан салынған төрт емханамен қатар, Құрамыс шағын ауданында 500 орынды емхана, Ақжар шағын ауданында 200 орынды отбасылық-дәрігерлік амбулатория және жылжымалы дәрігерлік амбулатория ашу жоспарлануда.

Таусамалы шағын ауданындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған музыкалық мектеп және екі дене шынықтыру-сауықтыру орталығы мен Инновациялық өнер орталығының құрылысы кезінде де жұмыс орындары пайда болады.