Аулаларды, саябақтар мен скверлерді, су қоймаларының жағалауларын тазалауға 60 мыңнан астам тұрғын қатысты
Алматыда қала әкімі Ерболат Досаевтың қатысуымен жалпықалалық сенбілік өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аулаларды, саябақтар мен скверлерді, су қоймаларының жағалауларын тазалауға 60 мыңнан астам тұрғын қатысты.
Экологиялық акция барысында сақ қорғандарының аумағында, Алатау ауданының Қарағайлы орманында, Сайран көлі мен Қарғалы өзенінің жағасында жаппай ағаш отырғызу жүргізілді. Барлығы 5 мыңнан астам ағаш отырғызылды.
Сенбілік кезінде қаланың эстетикалық түрін жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілді: турникеттер, тіректер, орындықтар, урналар сырланды.
Қоқысты шығару үшін қаланың коммуналдық қызметтері мен кәсіпорындарының 502 бірлік арнайы техникасы тартылды.
Қала тұрғындары барлығы 10 910 текше метр қоқыс жинады.
Сенбілікке қатысушылар үшін сусындар сату пункттері, автокофейнялар ұйымдастырылды.