3 жыл ішінде Open Almaty жергілікті билік органдары өкілдері мен қала тұрғындары арасындағы басты диалог алаңдарының біріне айналды
1 қаңтар мен 10 желтоқсан аралығында Алматы қаласы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдауына (Алматы қаласын дамыту орталығының жобасы) тұрғындардан 395,5 мың өтініш түсті – 87%-і бірден шешілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өтініштердің жалпы санынан — 337,6 мыңы Open Almaty байланыс орталығы (1308, 338-33-88) арқылы түсті, қала тұрғындары әлеуметтік желілер мен open-almaty.kz порталы арқылы берген өтініштер саны тиісінше 40,5 мың және 15,6 мың.
2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өтініштер саны 206%-ке артты. Көрсеткіштің өсу себебі — Алматы қаласында карантин режимінің енгізілуі. 16 наурыздан бастап Open Almaty қала тұрғындарына коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы билік қабылдап жатқан шаралар туралы жедел консультация беретін байланыс орталығы ретінде жұмыс істейді. Бұл ретте қала тыныс-тіршілігінің түрлі бағыттары: абаттандыру, ағаш кесу және қоқыс жинау, жол жөндеу және инженерлік желілерді ауыстыру, балабақшаға жолдама алу және қала әкімдігінің құзыретіне жататын өзге де өтініштерді қабылдау және тіркеу тоқтатылмады.
Топ-5 өтініш келесідей: тұрғындардың азық-түлік және дәрі-дәрмек түріндегі әлеуметтік көмек алуға өтінімдері (81,6 мың), Алматыға келу/кету (36,8 мың), орта және мектепке дейінгі білім беру (31,7 мың), жәрдемақы алу (24,3 мың) және Алматыда жүріп-тұру (23 мың) мәселелері бойынша түсініктемелер.
Алматы қаласы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдауын 2017 жылы Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен Алматы қаласын дамыту орталығы ашты, жоба «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда. 3 жыл ішінде Open Almaty жергілікті билік органдары өкілдері мен қала тұрғындары арасындағы басты диалог алаңдарының біріне айналды.
Open Almaty жүйесі әрбір өтініштің орындалуын жіті қадағалауға мүмкіндік береді. «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» ҚР Заңына сәйкес байланыс орталығы, фронт-офис және open-almaty.kz ақпараттық порталы арқылы түскен өтініштерді қарау мерзімі 15 күнтізбелік күн, егер мемлекеттік орган өкілдерінің оқиға орнына барып, тексеру жүргізуі қажет болса, онда 30 күнтізбелік күн. Әлеуметтік желілердегі өтініштер 3-5 жұмыс күні ішінде қаралады.
Аудан әкімдерінің аппараттарына және кейбір басқармаларға жолданған өтініштер (аулаларды абаттандыру, аумақты тазалау, арық тазалау және т. б.) Open Almaty-да авторын белгілеу талабынсыз қаралады.
Бұл ретте, құқық қорғау органдарына және қадағалау органдарына жолданған, тексеру жүргізуді талап ететін (мысалы, Полиция департаменті, Әкімшілік полиция басқармасы, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Экология департаменті, Мемлекеттік кірістер департаменті, Қала құрылысын бақылау басқармасы және т. б.), авторын белгілеу мүмкін емес, қолтаңбасы, оның ішінде электрондық цифрлық қолтаңбасы, арыз берушінің пошталық мекенжайы жоқ өтініштер заңнамаға сәйкес анонимді өтiнiш саналады және қаралмайды. Мұндай жағдайда Open Almaty операторлары тұрғынға ЭЦҚ-ны пайдалана отырып, open-almaty.kz порталы арқылы өтініш беруді немесе фронт-офиске келуді ұсынады.
Фронт-офис, телефон, портал, мобильді қосымша және әлеуметтік желілер арқылы түскен өтініштердің барлығын операторлар бірыңғай ақпараттық жүйеде тіркейді. Бірегей сәйкестендіру нөмірі берілгеннен кейін, өтініштердің барлығы қала әкімдігінің құзыретті ведомстволық қарасты ұйымдарына орындауға жіберіледі (аудан әкімдігі, басқарма, коммуналдық қызметтер және т. б.).
Апта сайын жауаптардың сапасы мен мерзімін Алматы қаласының әкімі Б. Ә. Сағынтаев аппараттық кеңесте қарайды. Жауапты орындаушылардың (аудан әкімдігі, басқарма, коммуналдық қызметтер және т. б.) сапалы және уақытылы жауап беруін Open Almaty инспекторлары қадағалайды. Бұл тұрғындардың қандай да бір өтініштері бойынша орындаушы болып табылатын әкімдіктің ведомстволық қарасты ұйымдары қызметкерлерінің дербес жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.
2018 жылы азаматтар мен қала әкімшілігі арасында тиімді өзара әрекеттестік орнату бойынша Open Almaty жұмысы ISO 9001:2015 стандартының халықаралық сертификатымен расталды.
Алматы қаласын дамыту орталығы Алматыға технологияларды, үздік практиктерді, озық тәжірибелерді трансферлеуге мүдделі. Сондықтан Open Almaty-да өңірлер мен шет елдердің мүдделі тараптарымен тұрақты негізде кездесулер өткізіледі: Түркістан, Қырғызстан, Гонконг, Германия және т. б.