Жанат Қасымжанова: Бұл – қала тұрғындары өз үлесін қоса алатын зор мүмкіндік

29.06.2022 18:25

Қала тұрғындары бағдарламамен танысып, өз ұсынысын «Алматыны дамыту орталығының» сайтында 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін қалдыра алады

inalmaty.kz

Алматы әкімдігі «Алматы – адамдар үшін жаһандық қала» бағдарламасын әзірледі, онда мегаполисті 2025 жылға дейін дамытудың негізгі басымдықтары мен 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар көрсетілген. Қала тұрғындары бағдарламамен танысып, өз ұсынысын «Алматыны дамыту орталығының» сайтында 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін қалдыра алады. Осыған байланысты қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі Жанат Қасымжанова пікір білдіріп, әрбір алматылықтың қала көркеюіне өз үлесін қоса алатын мүмкіндік екенін атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Алматылықтар үшін жағымды жаңалық! Алматы қаласы әкімдігінің «Алматы қаласының 2025 жылға дейінгі даму жоспарының негізгі басымдықтары және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар» жобасы талқылауға ұсынылды. Бұл – әр қала тұрғынының өз үнін қосатын,  өз таңдауын білдіретін және өзінің сүйікті қаласының көркеюіне өз үлесін қоса алатын мүмкіндік екенін атап өткім келеді.

Жобаны даярлау барысында қаланың болашақ даму бағыты әр түрлі саладағы белсенді және білікті сарапшылармен талқыланды, енді қала тұрғындарының назарына ұсынылып отыр. Сондықтан әрқайсымыз өз таңдауымызды жасау мүмкіндігінен қалыс қалмайық,  себебі қаламыздың жақсаруы өз қолымызда», – деді Жанат Қасымжанова.

Айта кетейік, Алматы әкімдігі «Алматы – адамдар үшін жаһандық қала» бағдарламасын әзірледі. Жоба жеті бөлімнен тұрады, олар: «Жайлы қалалық орта», «Тұрақты экономикалық өсу», «Басқарылатын урбанизация», «Әлеуметтік орнықтылық пен тұрақтылық», «Жасыл Алматы», «Смарт сити», «Қауіпсіз қала».

Алматыны кеңістіктік дамытудың негізгі міндеті – жайлы қалалық орта құру және қаланың барлық аудандарында өмір сүру сапасын арттыру. Ол үшін үш басым бастама айқындалды: Алматыны көпорталықты дамыту, қоғамдық көліктің дамыған жүйесі және аудандардың байланыстылығы, жаңа тарифтік саясатты енгізу және шығындарды азайту арқылы ТКШ қызметтерінің сапасын жақсарту.