Алматы қаласының Әуезов ауданында 2700-ден астам адам әлеуметтік көмек алады. Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында осы мақсаттарға 2021 жылы 189 миллион теңге бағытталғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сайран Сайфеденов атап өткендей, ауданда 584 отбасынан 2 784 адам АӘК алады. Отбасының бір мүшесіне ай сайынғы төлемдердің орташа мөлшері 8 571 теңгені құрады.
Ауданда халықтың аз қамтылған әлеуметтік-осал топтарынан барлығы 14 378 адам бар. Оның ішінде 6 707 мүгедек, 3 756 көпбалалы және аз қамтылған отбасы, 3 915 ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер бар.
Аудан әкімдігінің волонтерлері мен қызметкерлері биыл 4 541 отбасын қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етті: «Халық» қорынан 648 мұқтаж отбасыға және демеушілерден – 3 893 отбасына көмек көрсетілді.
Бұдан өзге, қала тұрғындарын жұмысқа орналастыру бойынша бағдарламалар жұмыс істейді. Осы жылы Әуезов ауданында 5 000-нан астам тұрғын жұмыспен қамтылды.
"Жергілікті атқарушы органдар жұмыс іздеуге көмектесіп қана қоймай, біліктілікті арттыру курстарына жібереді, өз ісін ашуға жәрдемдеседі, жаңа дағдыларға үйретеді", – деді аудан әкімі.
Мысалы, «Еңбек» бағдарламасы бойынша биыл 5085 адам жұмысқа орналастырылды: тұрақты жұмысқа – 3 048, әлеуметтік жұмыс орындарына – 175, қоғамдық жұмыстарға – 1 200, жастар тәжірибесіне оқу орындарының 267 түлегі, бизнес ашуға гранттар 203 алматылық алды, қысқа мерзімді курстардан – 163 адам өтті және алғашқы жұмыс орнына – 29 адам жұмысқа орналастырылды.
Сайран Сайфеденов жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік бейімделуге және кәсіптік бағдар беруге де ықпал ететінін атап өтті. «Қолдау» бағдарламасы бойынша Әуезов ауданының 14 тұрғыны өз бизнесін ашуға 2-ден 5 миллион теңгеге дейін грант алды. Гранттық қолдаудың жалпы сомасы 45 миллион теңгеден асты.