Алматыда «Бюджетке қатысу» бағдарламасы аясында 55 жоба қолға алынған

05.09.2020 в 01:27

Жауапты тұлғалар тұрғындардан жобаларға дауыс беруге белсенді түрде қатысуды сұрайды

Биыл Алматыда «Бюджетке қатысу» бағдарламасы аясында жалпы құны 1 миллиард 400 миллион теңге болатын 55 жоба қолға алынған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның ішінде 1 миллиард 300 миллион теңге қала бойынша 8 аудандағы құрылыс және аймақты көркейту жұмыстарына жұмсалған. Жобаның мақсаты – тұрғындарының ұсыныстары бойынша аудандарды дамыту және абаттандыру. Сәйкесінше, қала жұрты бюджет ақшасын қайда жұмсауды өздері таңдай алады.

«Қуантарлығы, Қаржы министрлігі біздің ұсынған пилоттық жобамызды бекітті. Сондай-ақ, бұл бағдарламаны тек Алматы, Нұр-Сұлтан қаласында ғана емес еліміздің басқа да аймақтарында жүзеге асыруға мүмкіндік бар. «Бюджетке қатысу»  жыл сайынғы әкімдіктерді бағалау талаптарының бірі ретінде қосылды. Осылайша, енді жобаға деген қызығушылық артады деп ойлаймыз», – деді  қалалық Стратегия және бюджет басқармасы басшысының орынбасары  Жанар Жазылтаева.

Жауапты тұлғалар тұрғындардан жобаларға дауыс беруге белсенді түрде қатысуды сұрайды. Айта өту керек, абаттандыру жұмыстары үшін мегаполистің әр ауданына 800 млн теңге қарастырылып отыр. Осылайша, жобаға бөлінген жалпы сома 6 миллиард 400 мың теңге.

«Бұл орайда қала тұрғындарының белсенді түрде дауыс беруі мен жобаға қатысуы өте маңызды. Бағдарлама тектен тек «Бюджетке қатысу»  деп аталған жоқ қой. Сондықтан жұртшылықты жоба жұмыстарына тұрақты түрде араласуға шақыру үшін нақты жоспар құру керек», – деді қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі

Ерлан Смайылов.