Алматыда қаңтар айындағы оқиғалар кезінде зардап шеккен кәсіпкерлердің барлық өтінімі қаралды

10.03.2022 18:39

Info Kazakhstan электронды платформасына 1188 кәсіпкерден 1355 өтінім келіп түсті

vigolex.net

ШОБ өкілдерінен түскен барлық өтінімдер 100% қамтылды және қаралды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шағын және орта бизнеске келтірілген залалды өтеу жөніндегі өңірлік комиссия өтініштерді қысқа мерзімде қарап, мемлекеттік қолдау көрсетіп, қала экономикасын қалпына келтіруді жеделдетті.

Еркебұлан Оразалин атап өткендей, Info Kazakhstan электронды платформасына 1188 кәсіпкерден 1355 өтінім келіп түсті.

Өңірлік комиссия отырысының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 5 286 млн теңге болатын 1139 өтінім мақұлданды, оның ішінде бюджет қаражатынан 4 194 млн теңге сомасына 595 өтінім, «Жаңа Алатау» қоры қаржысынан 1 091 млн теңге сомасына тағы 544 өтінім.

«Негізінен сауда және қызмет көрсету секторы зардап шекті. Өтінімдердің көпшілігі азық-түліктік емес тауарларды, аяқ киімдерді, киімдерді сатумен айналысатын кәсіпкерлерден, сондай-ақ тұрмыстық техниканы, зергерлік бұйымдарды сататын сауда-ойын-сауық орталығының аумағында орналасқан айырбастау пункттері мен дүкендердің иелерінен келіп түсті», - деді Е. Оразалин.

Қалған 216 өтінім пысықтауға жіберілді (өйткені 120-сы бойынша құжаттардың толық емес пакеті ұсынылды, 96-ы жеңілдетілген тетік аясында төлем сомасы бойынша келіспеуге байланысты сот сараптамасына жіберілді).

Зардап шеккен бизнесті толық қамту және қала экономикасын тезірек қалпына келтіру мақсатында Комиссия хатшылығы құжаттардың толық пакетін ұсыну бойынша көмек көрсету үшін Qoldaý кәсіпкерлік орталығының жанынан консультациялық штаб ашты.

Өтемақы әлі төленбеген зардап шеккен кәсіпкерлер жұмыс күндері 9.00-ден 18.00-ге дейін мына мекенжай бойынша: Алматы қаласы, Байзақов көшесі, 303, 101 кабинетке кеңес алу үшін жүгіне алады.

Өңірлік комиссияның келесі отырыстары 2022 жылғы 12, 15 және 18 наурызға жоспарланған.

Брифингке Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов қатысып, зардап шеккен бизнесті қолдау үшін «Күш – бірлікте» қоры құрылғанын хабарлады. Комиссия шешімінен кейін Қор қаражаты объектілері тоналған және бұзылған Алматыдан және басқа өңірлерден келген кәсіпкерлерге бөлінеді.