Алматыдағы 450 иесіз электр желілері қала балансына беріледі

07.12.2020 18:40

Қазіргі кезде қабылдау-тапсыру актілерін дайындау бойынша жұмыстар жүріп жатыр

Журналистердің сұрақтарына жауап беру барысында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бірнеше жылдан бері қаралып келе жатқан иесіз желілер мәселесін шешу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

2019 жылы 6 аудандағы иесіз электр желілерінің 170 нысаны қаланың коммуналдық меншігіне алынған еді. Бұл желілер қала әкімдігінің қаулысымен «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-на әрі қарай қызмет көрсету үшін тегін берілді.

Бүгінгі күні қаланың 7 ауданында иесіз инженерлік желілердің 450 нысаны анықталды (оның ТП — 146 дана, электр желілері — 253,6 шақырым, жылу желілері — 19,7 шақырым, су құбырларының желісі — 66,4 шақырым, кәріз желілері — 24,1 шақырым) иесіз инженерлік қаланың 7 ауданындағы желілер. Оларға қатысты одан әрі қызмет көрсету үшін қаланың коммуналдық меншігіне беру туралы соттың оң шешімі бар.

Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен 129 электр желісі «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ға тегін берілді.

Жалпы ұзындығы 50,7 шақырым болатын сумен жабдықтау желілерінің 77 нысаны мен ұзындығы 15,1 шақырым болатын 63 кәріз желілері нысандарын «Алматы Су» МКК-на тегін беру туралы Алматы қаласы әкімдігінің қаулысы бар.

Жылумен жабдықтау желілерінің 49 нысанын да «Алматы жылу желілері» ЖШС-не тегін беру туралы Алматы қаласы әкімдігінің қаулысы дайын.

Қазіргі кезде қабылдау-тапсыру актілерін дайындау бойынша жұмыстар жүріп жатыр.