Қала әкімі Алматының әрбір тұрғынына алғысымды білдірді
Ерболат Досаев алматылықтарды қала күнімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
- Құрметті Алматы тұрғындары мен қонақтары!
Бүгін біздің жарық әрі мейірімді қаламыздың тұрғындары үшін айрықша күн – біз Алматы күнін тойлап жатырмыз. Осы керемет мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің туған қаласын дамытуға ерекше басымдық беріп, «Алматы - бейбітшілік картасында ерекше орын, бұл достық, келісім, интернационализм аумағы» екенін атап өтті. Бұл сіздермен біздің үлкен байлығымыз, оны қорғап, нығайтуымыз керек.
Біздің сүйікті шаһарымыз жылылыққа толы, сенімді түрде нық қадаммен дамып келеді. Мұның бәрі сіздердің еңбектеріңіз бен қалаға деген шынайы қамқорлықтарыңыздың арқасында, қымбатты алматылықтар.
Алматы – Қазақстанның экономикалық серпінді дамуды, мәдени байлықтың, ғылыми және қаржы орталықтың символы.
Соңғы 3 жылда қаламыздың экономикасы тұрақты түрде өсіп келеді. Былтыр соңғы 10 жылдағы рекордтық экономикалық өсімге қол жеткізді, осы жылы да жоғары қарқын сақталып отыр.
Алматы – елімізде жеке инвестицияларды тарту бойынша алда келеді, үлесі 60%-ке жуық шағын және орта бизнестің қаласы.
Біз сіздермен бірге Алматы бүкіл Қазақстаннан және әлемнің түкпір-түкпірінен дарынды адамдарды тарту орталығы болып қала беретінін мақтан тұтамыз. Мұнда инновациялық идеялар пайда болады, серпінді жобалар жүзеге асырылады және жаңа трендтер белгіленеді.
Осы жылдың көктемінде Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында қалада «Алматы – біздің ортақ үйіміз» акциясы басталды. Президентіміз ерекше атап өткендей, бұл бір реттік акция емес. Үйіңізде, аулаңызда және қалаңызда тазалық пен тәртіпті сақтау – өмір салтымыз болуы керек.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қалаға деген қамқорлық пен шынайы жанашырлық нағыз алматылықтардың басты ерекшелігі екенін атап өткім келеді. Бірлесіп Алматыны бақ қалаға айналдырып, оны тұрақты дамудың жаңа траекториясына шығаратынымызға кәміл сенемін - деді қала әкімі.
Ерболат Досаев Алматы барлық ұлт өкілдерінің өмір сүруіне тең мүмкіндік жасайтынын атап өтті.
- Биыл біз алғаш рет зейнет жасындағы адамдарға белсенді өмір салтын жалғастыруға, өз білімдері мен тәжірибелерімен жас ұрпақпен бөлісуге мүмкіндік беретін «Алтын жас» бірегей бағдарламасын бастадық.
Жұмыс істейтін жастар үшін «Алматы жастары» бағдарламасы іске асыру жалғасуда. Жыл сайын 1200-ге жуық жастың өз баспанасы туралы арманын жүзеге асыруға мүмкіндіктері бар.
Біз инклюзивті болашаққа өте маңызды қадам жасадық. Алматыда балаларымыздың дамуындағы бұзушылықтарды ерте анықтауға және олардың арасындағы мүгедектік деңгейін төмендетуге көмектесетін Қазақстандағы алғашқы Ерте араласу орталығы ашылды.
Алматы әрқашан алдыңғы қатарда болып, оң өзгерістердің жарқын үлгісі болуға тиіс, бұған бар күшімізді, білімімізді және тәжірибемізді жұмсаймыз. Алматыны әркім өзін жайлы және қауіпсіз сезінетін ортақ үйімізге айналдыру біздің қолымызда.
Қымбатты достар!
Осы мүмкіндікті пайдаланып, Алматының әрбір тұрғынына қолдауы үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді. Сіздердің ниеттеріңіз бен шынайы әрекеттеріңіз қаламызды ерекшелеп, «Алматылық вайб» жасайды.
Әлемге әйгілі жазушы Жорж Сименон: «Біз сүйетін қала – бұл өзіміз жасайтын қала» деген. Көп іс атқарылды, бірақ әлі де атқарылатын жұмыс көп.
Президентіміз Қазақстан халқына осы жылғы Жолдауында атап өткендей, «Біздің қоғамда заң мен тәртіп орнауы керек. Тек осылай ғана біз әділ, таза және қауіпсіз Қазақстан құрамыз». Біз Алматының адамдар өмір сүргісі келетін, балаларды тәрбиелеп, болашаққа сеніммен қарауға болатын қалаға айналуы үшін бар күшімізді саламыз!
Барлық алматылықтарға сәттілік, зор денсаулық және амандық тілеймін. Үйлеріңізде әрқашан бақыт пен махаббат билік етсін!
Қала дәстүрі бойынша Алматыға деген шынайы сүйіспеншілігін бір сөзбен емес, өз өмірімен дәлелдейтін ең лайықты азаматтардың үлесін ерекше атап өткім келеді. Бүгін Мен үшін 2024 жылғы «Алматының Құрметті азаматтарын» құттықтау үлкен құрмет.
Сіздерге тағы да көп рақмет!- деді Ерболат Досаев.
Оқи отырыңыз: Әдебиет мерекесі: Алматыда кітап фестивалінің 10 жылдығы атап өтілді