Алмалы ауданында мектептегі оқушы орнының тапшылығы 62%-ға төмендейді

19.08.2021 18:44

Жыл соңына дейін №54 мектеп ғимаратын сейсмикалық күшейтумен күрделі жөндеу аяқталады

kt.kz

Сейтенов Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында биыл қандай мектептердің жөнделіп, кеңейтілетінін айтты. 

Е. Сейтенов ауданда жалпы саны 34 мыңнан асатын 29 мемлекеттік және 12 жекеменшік мектеп бар екенін атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«6 мемлекеттік мектепте 1 430 орын тапшылығы бар. Оқушылар орындарының тапшылығын азайту үшін ауданда 600 орындық №34 гимназия мен 300 орындық №144 мектеп-гимназиясының жаңа ғимараттарының құрылысы жүргізілуде. Осылайша, тапшылықты 62 пайызға төмендетеміз», – деді аудан әкімі.

Жыл соңына дейін №54 мектеп ғимаратын сейсмикалық күшейтумен күрделі жөндеу аяқталады. Сонымен қатар, №128 және 95 мектептерде спорт кешендері салынады.

Е. Сейтенов аудандағы мектепке дейінгі білім беру объектілеріне де тоқталды. Оның айтуынша, биыл №7 балабақшаның күрделі жөндеуі басталды. №16 бөбекжай-балабақша ғимаратын сейсмикалық күшейту мен күрделі жөндеу аяқталып қалды.

Сонымен қатар, Алмалы ауданының «Тастақ» шағынауданында аула клубтары мен Мәуленов көшесі, 46 мекенжайда кітапхана ашу жоспарлануда, 12 аула спорт алаңдарымен жабдықталады, Сайран көлі аймағында велосипед алаңдары салынады.

Аудан әкімі әкімдіктің балалардың білім алуы мен демалысына қатысты жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруды жоспарлағанын атап өтті.