Орталық балаларға кешенді көмек көрсету үшін ведомствоаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді
2030 жылға қарай балалар арасындағы мүгедектік мөлшерін 10 пайызға төмендетуге болады. Ол үшін оларды ерте бастан емдеу қажет. Бірнеше саланың мамандары қатысқан ғылыми-тәжірибелік конференцияда осындай пікір айтылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жеті мемлекеттің жетекші ғалымдары бұл саланың Қазақстанда қаншалықты дамып келе жатқанын сөз етті. Сондай-ақ Алматыдағы «Ерте араласу орталығының» келешекте жыл сайын мыңға жуық баланы оңалтатыны да айтылды. Қазір туғаннан бастап, 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді қоғамға бейімдейтін қызметкерлердің 50 пайызы жұмысқа кірісуге дайын екен.
«Орталық құрылуда. Біз қазір жүйелі түрде мамандарды тағайындап, оларды оқытып, сонымен қатар қазіргі технологияларға сай, жүйені жүргізу шараларын қабылдап жатырмыз. Осыған байланысты орталық балаларды осы жылдың аяғында қабылдап, жұмыс істей бастайды», - деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов.
Алматыда ерекше күтімді қажет ететін 18 жасқа дейінгі 10 мың, 3 жасқа дейінгі 800 бала бар. Жыл аяғына дейін орталық кем дегенде жүзден аса балаға көмек көрсетуді көздеп отыр. Жобаны денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау басқармалары бірлесе жүзеге асырады. Сондай-ақ жиынға қатысқан мамандар балалардың физикалық, эмоционалдық дағдылары енді қалыптасатын кезеңде емдеу оң әсер беретінін айтты.
«Ата-аналарға, мұқтаж отбасыға ертерек көмек беру – басты міндетіміз. Дамуында ауытқушылығы бар балаларға оңалту бағдарламаларының аясында жәрдемдесеміз. Бұл тәжірибені шет елден, нақтырақ айтсақ, Ресей, Финляндия сынды мемлекеттерден жинақтадық», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.
«Институтымыз 1992 жылдан бері жұмыс істейді. Бізге алғашқылардың бірі болып келген балалар қазір өсіп кетті. Олардың қатарында жетістікке жеткен түрлі сала өкілдері бар. Айтпағым, бізге денсаулығында кемшілігі бар кез келген бала келе алады. Ерте араласу орталығы медицина саласымен қатар жүрсе де, өзіндік айырмашылығы бар. Біз балалардың қоршаған ортаға бейімделуіне, қоғамға сіңісіп кетуіне көмектесеміз, - деді Санкт-Петербург Ерте араласу институтының директоры, психолог Лариса Самарина.
Оқи отырыңыз: Алматыда бетон зауыты ашылды