Алматыда «Опералиа» халықаралық фестивалінің қорытынды концерті өтті

19.09.2022 19:03

Шетелдік қонақтар алматылықтарды қала күнімен құттықтады

Almaty.tv

Алматыда «Опералиа» халықаралық фестивалінің қорытынды концерті өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

10 күнге созылған іс-шараның шымылдығы Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театрының сахнасында жабылды. Гала-концертте отандық әртістерден бөлек, шетелдік өнерпаздар әлемдік деңгейдегі туындыларды орындап, көрермен қауымды таң тамаша етті.  

«10 күн аралығында балет болды, «Аққу көлі» болды, Еркештің симфониялық кеші болды. Опералар болып жатыр. Бүгін шетелден келген қонақтарымыз, әншілеріміз бар гала-концерт болады», – деді ҚР Еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы.

Айта кетсек, қала күнімен тұспа-тұс келген гала-концертте Оңтүстік Корея мен Чехиядан, өзге де мемлекеттің опера және балет жұлдыздары туындыны сахналады. Мәдени кешке арнайы шақыртылған меймандар қазақстандықтарды, соның ішінде Алматы тұрғындарын құттықтады.

«Мен алматылықтарды қала күнімен құттықтаймын. Өзім бірнеше күн бұрын келдім. Осы аралықта шаһардың мәдениеті, адамдары ұнады. Енді біз жүзі жылы жұртқа өз өнерімізді паш етпекпіз. «Опералиа» концертінде қазақстандық әріптестермен бірге сахнаға шығу мен үшін мәртебе», – деді опера әншісі Филип Банджак (Чехия).