Алматыда «Халық қатысатын бюджет» жобасына өтінім беру қашан аяқталады

27.03.2023 19:08

Бостандық ауданында биыл 17 жоба жүзеге асырылады

Almaty.tv

Алматыда «Халық қатысатын бюджет» жобасына өтінім беру аяқталуға жақын. 30 наурызға дейін қала тұрғындары өз ауданын абаттандыру бойынша ұсынысын өткізе алады. Айта кетейік, биыл қала бойынша жобаны іске асыру үшін қосымша 7 миллиард теңге бөлінген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың маңындағы саябақ. Мұнда бұрын автокөлік тұрағы болған. Қазір бұл аумақта студенттер серуендеп, бос уақытын өткізе алады. Жоба авторлары да – сол ЖОО-ның студенттері.  

«Халық қатысатын бюджет» жобасы туралы естіп, жиналып, жоба жасап, өтінім бердік. Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімдігі қолдап, жақсы саябақ жасалды. Өзімізге қатты ұнайды», – деді жоба авторы Шакир Саяхмет.

Айта кетейік, өткен жылы жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша Бостандық ауданында 21 жоба жүзеге асырылды. Биыл да жоспар көп.

«Биыл 800 миллион теңге бөлінді. Жаңа 17 жоба бар, мамыр айында бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. Қосымша 2-кезеңге де тағы да 800 миллион теңге бөлінді. Қала және аудан тұрғындары ұсынысын жүзеге асыра алады», – деді Бостандық ауданы әкімі аппараты көріктендіру бөлімінің басшысы Арман Мизамбеков.

Ал Алмалы ауданында тұрғындар ауланы абаттандыруға кіріскен. Көпшілік «балалардың жас ерекшелігіне қарай алаң жоқ» деген қорытындыға келген. Нәижесінде жасөспірімдердің демалуына және спортпен шұғылдануына бар мүмкіндік жасалды.

«Өте жақсы жоба! Тұрғындарға идеяны жүзеге асыруға және нақты аулаға  қажет нәрсені жасауға мүмкіндік береді. Мен тұрғындарға «Халық қатысатын бюджет» жобасына өтініш беруден қорықпауын, оларды жүзеге асыруын тілеймін», – деді жоба авторы Вероника Құсайынова.

2022 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасымен 39 жоба іске асырылған болатын. Осылайша, белгіленген жерде балалар алаңы, саябақ пен иттерді серуендетуге арналған орындар пайда болды. Ал биыл тұрғындардың өтініші бойынша ең көп дауыс жинаған 17 жоба жүзеге аспақ.

«Орташа есеппен 1500-ден астам адам дауыс береді. Ал 2022 жылы жүзеге асатын жобалар 3000-4000 дауысқа ие болды. Демек, тұрғындар өз ауласына енжар қарамайтын болған», – деді Алмалы ауданы әкімі аппараты Коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Керімхан Әбдіраман.

Айта кетейік, биыл 30 наурызға дейін өтінім беріп, көп дауыс жинаған жобалар келесі жылы жүзеге асырылады. Ал «Халық қатысатын бюджет» бойынша кеңесті Алматы қаласының аудандық әкімдіктерінен, сондай-ақ Алматы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдау бөлмесінен алуға болады.

Қайрат Советбекұлы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездеседі