Индустриалды аймақты кеңейту және өндірістерді облыс аумағына көшіру жоспарланып отыр
Қолжетімді тұрғын үй, жаңа әлеуметтік нысандар, сапалы инженерлік инфрақұрылым – мұның бәрі Алматы агломерациясында болады. Агломерацияны дамытудың кешенді жоспары қазанның соңына дейін Алматы қаласы мен Алматы облысының мәслихаттарына келісуге жіберіледі. Ал жыл соңына дейін ел Үкіметінің қарауына және бекітуіне ұсынылатын болады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы агломерациясын дамытудың кешенді жоспары агломерацияның жергілікті кеңесінің отырысында талқыланды.
– Бұл жоспар өңірдегі тұрғын үй, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымының дамуын үндестіріп, теңестіруге тиіс. Адамдардың қалаға еркін жетуі үшін агломерация тұрғындарына көліктік қолжетімділіктің болуы біз үшін маңызды. Сондықтан көлікті дамыту АҮААЖ-на дейін және одан кейінгі барлық аумақтарды қамтуды ескере отырып жүргізілуі керек, – деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.
Қала мен облыс арасындағы көлік инфрақұрылымын жақсарту жөніндегі жобалар Алматының көлік құрылымын дамытудың әзірленіп жатқан шеберлік -жоспарымен тығыз байланысты. Ол көлік желілерін, оның ішінде қоғамдық көлікті дамытуды, теміржол тасымалының сапасын арттыруды көздейді. Қала маңындағы аймақтардың тұрғындары үшін көліктік қолжетімділікті жақсартуға қатысты жаңа бағыттар ұйымдастырылады.
Бұдан басқа, Алматы агломерациясын дамыту аясында өңірде шағын өнеркәсіптік парктер құрылатын болады, сондай-ақ Индустриалды аймақты кеңейту және өндірістерді облыс аумағына көшіру күтілуде.
Оқи отырыңыз: Алматы және Алматы облысының әкімі қандай мәселені талқылады