Алматылықтар жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіледі

26.05.2021 19:09

Нұршашқан шағын ауданында 400 үй интернетке қосылған, Таусамалда олардың саны 1000-нан асады

Фото: progorodsamara.ru


Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев Наурызбай және Түрксіб аудандарының шағын аудандарында сапалы интернет пен ұялы байланысқа қосылуды жан-жақты айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv

Қазіргі кезде Алматының Цифрландыру басқармасы NLS Kazakhstan компаниясымен бірлесіп Түрксіб ауданының Нұршашқан шағын ауданында және Наурызбай ауданының Тастыбұлақ шағын ауданында пилоттық режимді іске асыруда. Бұл учаскелерде талшықты-оптикалық байланыс желісі бойынша жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

«Бүгінгі таңда Нұршашқан және Тастыбұлақ шағын аудандарына қарай кабельдерді монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, сауалнамалар мен өтініштер негізінде Алматы қаласы бойынша интернетке қосылуға қатысты 8 мыңнан астам өтініш жиналды», – деп хабарлады Баян Қоңырбаев.

Нұршашқан шағын ауданында 400 үй интернетке қосылған, Таусамалда олардың саны 1000-нан асады. NLS Kazakhstan компаниясымен «бөліп төлеу» қызметтерін ұсыну туралы келісім жасалды және мегаполис тұрғындары үшін «мамандандырылған тарифтік жоспарлар» әзірленді.

Алғабас, Қайрат, Әлмерек шағын аудандарының тұрғындарын интернетке қосу жоспарлануда. Әзірге желінің сапасына қатысты проблемалар бар. Қазіргі кезде Әлмеректе интернетке 600 үй, Алғабаста 1500 үй қосылған.

Бұдан басқа, «Қазақтелеком» АҚ-мен FWA (Fixed Wireless Access) технологиясын пайдалану арқылы тіркелген Интернетке (90 Мб/с дейін) қосылу мәселесі пысықталуда. FWA-радио интерфейсі арқылы жаппай қызметтерге тұрақты сымсыз қол жеткізу.

Бүгінде FWA технологиясы қосылатын аудандар анықталды. Техникалық мамандандыру және радио жоспарлау дайындалды.

Пилоттық форматта Алатау және Түрксіб аудандарының шағын аудандары зерделенуде.

Б. Қонырбаевтың пікірінше, тұрғындарды сапалы интернетке қосу және цифрландыру Алматының жаңа аудандары тұрғындарының үйлерінде отырып мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді алуына, онлайн-оқуға кең мүмкіндік беретінін айтты.

«Біздің міндетіміз – тұрғылықты жеріне қарамастан, қаланың шеті немесе орталығы болсын, бәріне бірдей сапалы ұялы байланыс қызметін ұсыну. Бұл жұмыс қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен әзірленген «Жаңа Алматы» кешенді даму бағдарламасына сай жүруде», деп атап өтті Б. Қоңырбаев.

Айта кетейік, Алматыда интернет сапасын жақсарту жобасы өткен жылы интернет пен байланыс болмаған 218 «көрінбейтін» аймақтарды да қамтыды.

Тағы бір өзекті мәселе – Алматыда сапалы мобильді байланысты қамтамасыз ету. Б. Қоңырбаевтың айтуынша, әкімдікте ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, Алматыда 6 нүкте бойынша базалық станцияларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Биыл ұялы байланыс операторларының қатысуымен Алатау, Түрксіб, Жетісу және Алмалы аудандарында 5 жаңа базалық станция іске қосылды.