Алматыда зардап шеккен тағы 102 кәсіпкерге өтемақы төленді

10.02.2022 19:16

Бүгінге дейін барлығы 362 бизнес өкілі құны 644 млн теңге болатын өтемақы алып үлгерді

Almaty.tv

Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен тағы 102 кәсіпкерге мемлекет тарапынан шығын өтелді. Осылайша, бүгінге дейін барлығы 362 бизнес өкілі құны 644 млн теңге болатын өтемақы алып үлгерді. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы хабарлады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өтемақының бір бөлігі республикалық бюджеттен берілсе, қалғаны «Жаңа Алатау» қорының есебінен төленіп жатыр.

Айта кеткен жөн, бүгінге дейін Infokazakhstan.kz сайтына шығынын өтеп беруді сұраған 2 мыңнан аса кәсіпкерден өтініш келіп түскен. Мамандардың есебінше, тағы 500-ге жуық бизнес өкілінен өтінім түсуі керек.  

«Қала әкімдігі жанынын құрылған арнайы комиссия өкілдері алдымен шығыны 5 млн теңгеге дейінгі кәсіпкерлердің мәселесін дер кезінде шешуді қолға алып отыр. Оларға сараптама жасамай-ақ, ақшасы бірден төленеді. Ал шығын көлемі одан көп кәсіпкерлердің құжаттарын тексеріліп жатыр. Десе де, алдағы айда біз барлық бизнес өкілінің ақшасын толық төлеп беруді жоспарлап отырмыз», - деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қанат Сағындықов.

Сондай-ақ кәсіпкерлерге келтірілген шығын көлемін есептеп, құжаттарын рәсімдеу үшін адвокат жалдауға рұқсат етіледі. Қорғаушылардың еңбекақысы кәсіпкерлер тарапынан емес, мемлекет қаражатынан өтелу мәселесі қарастырылып жатыр. Қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы мамандары тиісті министрлікке ұсыныс беріп қойған.