Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында 8 мыңнан астам көшет отырғызылды. Оның 4 мыңы – алма ағашы. Іс-шара науқанның «Алматы – бақ қала» апталығы аясында ұйымдастырылған. Мегаполис әкімі бастаған жалпықалалық акцияға шаһар тұрғындары, қоғам қайраткерлері мен эко-белсенділер қатысты,деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Алматы – бақ қала» жалпықалалық акциясы аясында мегаполистің Алатау ауданында алма бағы пайда болды. Шаһар басшысы Ерболат Досаев тұрғындармен бірге Саялы шағынауданындағы Қарағайлы орманына ағаш отырғызып, науқанды қолдады. Саябаққа 500 алма, 500 өрік көшеті егілген. Жасыл желек үшін себелеп суару технологиясы қолданылмақ.
– Бұл ағаштарға қажетті су скважинадан тамшылау әдісі арқылы жеткізіледі. Жұмыс бәрін Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбековмамырда бастаймыз. Аймақта 2 скважина бар. Қарағайлы орманы 63 гектар жерді құрайды, – деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.
Іс-шараға қатысқандардың қатарында эстрада жұлдыздары да бар. Игі іске ерекше ықыласпен атсалысқан өнер адамдары науқанның шаһар үшін маңызды екенін алға тартты.
– «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Бәріміз әсем Алматымызды көркейтіп жатырмыз. Алма ағаштары егіліп жатыр. Бұйыртса жемісін жейміз, – деді әнші Мақсат Базарбаев.
– Қалада тұрамыз. Алматының көркеюіне, гүлденуіне, таза болуына міндетті түрде әр жан үлесін қосуы керек. Қолдап, сенбілікке келдік, – деді әнші Мадина Сәдуақасова.
Науқан барысында қала бойынша 8205 жасыл желек, соның ішінде 4515 жеміс, 1090 жапырақты ағаш пен 2600 бұта отырғызылды. Игі бастамаға мегаполис тұрғындары, қоғам қайраткерлері мен студенттер белсене атсалысты.
– Алматының ауасын тазартуға өте үлкен үлес қосылуда. Балаларға, немерелерімізге көрсетсек те, қандай керемет іс-шара болып жатыр, – деді қала тұрғыны Айхан Баймұхамбетова.
Мұндай алма бақ 2270 көшет отырғызылған «ALA» саябағында да пайда болды. Боралдай өзенінің бойындағы бақылау алаңына тағы мыңға жуық қатты ағаш көшеттері отырғызылды.
Гүлмарал Изатқызы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматы - біздің ортақ үйіміз: мектеп түлектері ағаш отырғызды