Мемлекет басшысы оқушылармен әңгімелесті және оларды Наурыз мерекесімен құттықтады
Мемлекет басшысы жұмыс сапарының бағдарламасына сәйкес Алматы қаласындағы маңызды архитектуралық ескерткіштердің бірі – Оқушылар сарайын аралап көрді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президентке ғылым-білім орталығын қайта қалпына келтірудің және жаңғыртудың алғашқы кезеңінің нәтижелері мен жоспары туралы мәлімет берілді. Сондай-ақ Алматы қаласы әкімдігінің балалардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау үшін атқарып жатқан жұмыстары жөнінде айтылды.
Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың көркем шығармашылық жұмыстарының көрмесімен және Сарайдың жаңа инновациялық қызметімен танысты.
«Мемлекет басшысы биология және нейротехнология, гидропоника, 3D модельдеу және робот жасау зертханаларын, сондай-ақ анимация, дыбыс жазу, білім беру медиажобаларына арналған студияны аралап көрді», - делінген хабарламада.
Мемлекет басшысы оқушылармен әңгімелесті және оларды Наурыз мерекесімен құттықтады.
Президент балаларға сыйлықтар тарту етті, соның ішінде мобильді құрылғы арқылы басқарылатын соңғы үлгідегі оқу телескопын сыйға тартты.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Оқушылар сарайына автобус сыйлады.