Жобаны қайта қарау кезінде Алматы қаласы әкімдігінің және қоғам өкілдерінің ұсынысы ескеріледі
Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасына сәйкес қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасы бұрынғы «Жеміс консерві комбинаты» аумағындағы құрылысшы «Rams Kazakhstan» компаниясымен жұмыс жүргізді. Нәтижесінде құрылыс компаниясы ұсынған құрылыс жобасын өзгертуге міндеттелді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жобаны қайта қарау кезінде Алматы қаласы әкімдігінің және қоғам өкілдерінің ұсынысы ескеріледі. Сонымен құрылыс салушы жобада әлеуметтік нысандардың, оның ішінде білім беру мекемелері мен мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің болуын қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар, мамандардың ұсыныстарына сәйкес ғимараттардағы қабат саны өзгертіледі. Бұл ретте абаттындыру мен көгалдандырумен демалыс аймақтарын құруға ерекше назар аударылатын болады.
Бұрынғы «Жеміс консерві комбинаты» аумағындағы құрылыс жобасының әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, Алматы әкімдігі жаңа құжатпен жұмыс жасау үшін қаланың жетекші сәулетшілері - С. Фазылов, Н. Хамитов, А. Ақпай және басқа да беделді қала құрылысшыларын шақырды.
Бұған дейін хабарланғандай, Жандосов, 94, 94/16, 94/8; Кекілбайұлы к-сі, 6; 20-линия к-сі, 39 («Жеміс консерві комбинаты» ауданы) мекенжайы бойынша жер учаскесіндегі құрылыс жобасын жүзеге асыру ТОҚТАТЫЛДЫ.
Халыққа қызмет көрсту нысандары бар көппәтерлі тұрғын үй кешенін салу үшін жобалау алдындағы құжаттама КЕРІ ҚАЙТАРЫЛДЫ. Бұрын осы жылдың 26 сәуіріне жоспарланған жобаның бірінші нұсқасы бойынша қоршаған ортаға әсерді бағалау бойынша қоғамдық тыңдаулар ТОҚТАТЫЛДЫ.
Алматы қаласының көрсетілген аймағында құрылысқа жол берілмейді. Өзгертілген жобаны жүзеге асыру мүмкіндігі тек көпшіліктің талқылауына, қала тұрғындарының қолдауына ие болғаннан кейін ғана қарастырылады.