Алматыда бірнеше жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Бақытты отбасы» орталығы өз жемісін беріп келеді. Бүгін «Қоғамның қалыптасуы мен дамуында, отбасылық құндылықтарды сақтаудағы әйелдердің рөлі» туралы өткен брифинг барысында орталық мамандары атқарылған жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде 30 мыңнан астам көпбалалы отбасы болса, соның ішіндегі 5 мыңға жуық әйел – «Алтын» және «Күміс алқа» иегерлері. Орталық көпбалалы аналарды жұмысқа орналастырып, құқықтық, психологиялық көмек берумен айналысады. Ал «Іскер ана» жобасы аясында аналар өз ісін дөңгелетуге мол мүмкіндік алған. Бір ғана ауданда орналасқан осындай орталықта 12 мыңнан астам адам арнайы кәсіптік курстар оқып шығыпты. 1 мыңнан астам әйел қайтарымсыз қаржылай көмек алған.
«30-35-ке жуық тегін кәсіптік курстар бар. Әр ауданда «Бақытты отбасы» орналасса, қайсысы өзіне ыңғайлы, соған бара береді. Анадан ештеңе қажет емес», - деді Алатау аудандық «Бақытты отбасы» орталығының басшысы Ақмарал Басирова.