Алматыда «бюджетке қатысу» жобасы бойынша өтінімдерді қабылдау жалғасуда. Өтінімдерді қабылдау 2020 жылдың 20 қазанына дейін жалғасады. Өтінімді budget.open-almaty.kz. сайтында қалдыруға болады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әрбір адам қалалық ортаны дамыту бойынша өз идеясын ұсына алады. Егер бастаманы басқа тұрғындар дауыс беру барысында қолдаса, ол қалалық бюджет есебінен жүзеге асырылады. Бір өтінім 55,5 млн тг аспауы тиіс. Қаржыландырудың жалпы көлемі 6,4 млрд тг құрайды – қаланың әрбір ауданына 800 млн теңге.
«Біздің қаламыздың кез келген тұрғыны өз ауласын, көшесін немесе гүлзарын абаттандыру бойынша өтінім бере алады және басты шарт жоба 55,5 млн тг аспауы тиіс. Міндетті түрде қала аумағында болуы тиіс. Кез келген фото немесе суретті қоса беру керек. Осы абаттандыруды көріп отырсыздар, егер сіздің жобаңызға барынша көп дауыс берілсе, жоба Қала бюджеті есебінен іске асыруға жіберіледі», – деді Алматы қаласы Стратегия және бюджет басқармасының басшысы Алмас Батанов.
«Биыл дауыс беру процесі де жеңілдетілмек. Қазір IT мамандар осымен айналысып жатыр. Енді тұрғындар өзіне ұнаған жобасына тек электронды цифрлық қолтаңба арқылы емес, жеке сәйкестендіру нөмірі мен телефон нөмірі арқылы дауыс бере алады», – деді Алматы қаласын дамыту орталығының департамент директоры Әлия Жақсылықова.
Порталда өтінімдерді қабылдау, дауыс беру және бастамаларды іріктеу онлайн режимінде budget.open-almaty.kz өтеді. Сұрақтар бойынша +7 (727) 2243 929, ішкі нөмір 203 немесе электрондық поштаға budget@almatydc.kz жүгіне аласыз.
Жобаларды іріктеу критерийлері:
- аумақты көгалдандыру;
- тротуарларды жайластыру;
- тротуарлар, пандустар, арықтар салу және жөндеу;
- жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарды (саябақтар, скверлер, жаяу жүргіншілер аймақтары және өзге де объектілер) құру, жөндеу және жарықтандыру);
- жиектерді, тіреу қабырғаларын жөндеу;
- полигондарды жою;
- аула аумақтарында және жалпы пайдалану орындарында спорттық (жаттығу алаңдарын, футбол, баскетбол, волейбол алаңдарын), балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру.
Естеріңізге сала кетейік, «бюджетке қатысу» жобасы Алматыда 2019 жылдың тамыз айында іске қосылды
Пилоттық жылдың қорытындысы бойынша 1,4 млрд тг сомасына 55 жоба іске асырылуда. Бірқатар жобалар аяқталып, пайдалануға берілді. Осы тетіктің арқасында қала тұрғындары қалада скейтпарк салып, сөйлейтін орындық орнатты. Балалар мен ересектердің спортпен шұғылдануына арналған алаңдар, скверлер мен қала тұрғындарының демалыс орындары жабдықталды.