Б. Сағынтаев Іnstagram-дағы парақшасында жаңа тоқсанның басталуына орай мектептерде кезекші топтардың саны артқанын атап өтті
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында №7 арнайы түзету мектеп-интернатында болып, оқу процесінің ұйымдастырылуымен, қолға алынған санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қала әкімі Б. Сағынтаев Іnstagram-дағы парақшасында жаңа тоқсанның басталуына орай мектептерде кезекші топтардың саны артқанын атап өтті. Мұндағы ең осалы – мүмкіндігі шектеулі балалар.
«№7 арнайы түзету мектеп-интернатында болып, оқу процесінің ұйымдастырылуымен, қолға алынған санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларымен таныстым», – деп жазды Б. Сағынтаев.
Мектепте 216 бала білім алады. Одан басқа 200 балаға үй жағдайында сабақ беріледі. Әлеуметтік-психологиялық оңалту мен бейімдеу, шығармашылық әлеуетті дамыту мен еңбекке баулу үшін барлық жағдай жасалған. Тігін немесе ағаш ұстасы ісінің қыр-сырын меңгере отырып, жасөспірімдер 9 сыныптан кейін колледжге түсіп, мамандық алады. Сондай-ақ, мұнда емдік дене шынықтыру, музыка мен би бойынша сабақтар өтеді.
«Ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетіп, олардың жан-жақты дамуына барынша жағдай жасайтын боламыз. Ата-аналарының шыдамдылық танытқаны маңызды. Өйткені ерекше балаларды әлеуметтендіру процесі оңай емес», – деп атап өтті Алматы әкімі.