|
30.07.2024 | 14:18
113

Жастарға жұмыс: Алматыда бос орындар жәрмеңкесі өтті

Жәрмеңкеге 40-қа жуық компания қатысып, шамамен 300 жұмыс орнын ұсынды

Жастарға жұмыс: Алматыда бос орындар жәрмеңкесі өтті Almaty.tv

Алматыда NEET санатындағы жастардың үлесі 7,2 пайыз. Бұл туралы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы бос орындар жәрмеңкесінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Дәстүрлі түрде өткізілетін іс-шара республиканың түкпір-түкпірінде ұйымдастырылып жатыр.

Әйгерім Сейітқали – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 2-курс студенті. Халықаралық журналистика мамандығы бойынша білім алып жатқан бойжеткен де «Жастарға жұмыс» жәрмеңкесіне келген. Ол жаздыгүні бос уақытын тиімді пайдаланбақ.

– Маған 3 компания ұнады. Өкілдерімен сөйлесіп, жұмыс орнымды таңдаймын. Жастар үшін мұндай жәрмеңкелер жазда жұмыс табуға мүмкіндік береді, – деді студент Әйгерім Сейітқали

Жәрмеңкеге 40-қа жуық компания қатысып, шамамен 300 жұмыс орнын ұсынды. Ал жұмыс іздеушілер жетекші компаниялардың өкілдерімен тікелей байланыс орнатып, оларға қойылатын талаптар туралы көбірек мағлұмат алды.

– Шілдеде студенттер дипломын алып, жұмыс іздейді. Басқа студенттер бос уақытын тиімді пайдалануына, ал жас мамандарға жұмыс табуына үлес қосу үшін  жәрмеңке өткізіп жатырмыз, – деді  «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Әкежан Кеңесов.

Игі іс-шараның жұмысымен қалалық мәслихат депутаттары да танысты. Олар «жас мамандар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған жобаның берері мол» дейді.

– Алматы – жастар қаласы. Мегаполисте 14 пен 35 жас аралығында 685 мың азамат, оның ішінде 255 мың  студент бар. Жастар Алматыға қолайлы жағдай, жақсы жұмыс іздеп келеді. Сондықтан осындай  іс-шаралардың жиі өткені жөн, – деді қалалық мәслихат депутаты Әсия Ақанова.

Айта кетейік, жәрмеңке жылына 3 мәрте ұйымдастырылады.

Гүлмарал Изатқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыдағы ақылы автотұрақтарды қалай анықтауға болады

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир