Күрделі жөндеу жұмыстары аясында шатыр, желі және ішкі әрлеу толығымен жөнделді
Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімінің м. а. Архат Омаров өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қаланың тарихи ғимараттарының келбетін сақтау жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы жөнінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мысалы, 2020 жылы көппәтерлі үйлердің 69 қасбетіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу жұмыстарының барлық түрлері, соның ішінде бояу және т. б. жүзеге асырылды, келесі жылы Алмалы ауданында 50 үйдің қасбеттерін жөндеу жұмыстарымен қамту жоспарлануда.
Сонымен қатар, мәдени ортаны дамыту мақсатында Жазушылар Одағының ғимаратын жөндеу, №4 кітапхана мен Чехов атындағы қалалық кітапхананы жаңғырту жұмыстары аяқталды.
«Абылай хан даңғылында орналасқан Жазушылар Одағының тарихи ғимараты бойынша жұмыстар 2019 жылы басталды. Бүгінгі таңда барлық жұмыстар 100% аяқталды. Күрделі жөндеу жұмыстары аясында шатыр, желі және ішкі әрлеу толығымен жөнделді», — деп атап өтті Архат Омаров.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қазақ ақыны, журналист және редактор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Алматы қаласының әкімдігіне инфрақұрылымды жаңғырту мәселесін шешкені үшін алғыс білдірген болатын. Оның айтуынша, жөндеу жұмыстары Жазушылар үйінің негізгі ғимаратында да, мәжіліс залында да жүргізілген.