Онлайн форматта өткен қабылдау барысында қалалықтар абаттандыруға, экологияға, ерекше балаларды қолдауға қатысты бірнеше мәселені көтерді
Б. Сағынтаев Nur Otan партиясының қалалық филиалына жүгінген азаматтармен қабылдау өткізді. Онлайн форматта өткен қабылдау барысында қалалықтар абаттандыруға, экологияға, ерекше балаларды қолдауға қатысты бірнеше мәселені көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мәселен, «Меркур Град» ТК-нің тұрғындары Nur Otan партиясы қалалық филиалының қабылдауына жүгінді. Олар Nur Otan партиясының АҚФ төрағасы, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа құрылыс жүргізушінің кінәсінен үйлерінің газға қосылмағаны, ал ауланың абаттандырылмағаны туралы шағымданды. Осыған орай, Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша мәселенің шешілуі жеделдетіледі – жақын арада олардың үйлері газға қосылады, ал аудан әкімі аумақты абаттандыру мәселесін шешумен айналысады.
Көктөбе шағын ауданы тұрғындарының өтініші бойынша қазіргі кезде жеке аумақта орналасқан саябақты абаттандыру мүмкіндігі қарастырылады. Сондай-ақ, осы шағын ауданда судан бұру желісін салу және электр желілерін модернизациялау мәселесі зерделенетін болады.
Наурызбай ауданындағы Бегалиев көшесі тұғындарының өтініші бойынша салынып жатқан Абай даңғылына қарай шығатын көше тұйықталады.
Б. Сағынтаев «Жасыл экономика» басқармасына тиісті қызметтермен бірге экобелсенді Т. Елеусізовтің экологиялық мәселелер бойынша комиссия құру туралы ұсынысын, сондай-ақ осы саладағы шешімдерді әзірлейтін инновациялық хабты пысықтауды тапсырды.
Тамақ зауытына іргелес орналасқан Аносов көшесі тұрғындарының өтініші жан-жақты қаралады, санитарлық нормалардың сақталуы тексеріледі.
Аутизмі және дамуында басқа да ауытқушылықтары бар балаларға көмек көрсету жөніндегі «Луч света» қорының директоры Л. Байрамова ізгі іспен, ақыл-есінде кемістігі бар кәмелетке толмағандарды әлеуметтендірумен айналысуда. Оның жұмысын одан әрі дамыту үшін жайлы орын және қарамағындағыларды тасымалдау үшін көлік сұраған өтініші қолдау табатын болды.