Киіз үйде үш тілде ертегі айтатын ақсақал бар
Алматыда көркі келіскен ғимарат мен жаңа жылдық үлгіде безендірілген нысан көбейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда 20 желтоқсаннан бері мерекелік безендіру басталып кеткен. Қазірдің өзі қалада түрлі-түсті жарығы, жаңа жылдық шыршасы қойылған он шақты нысан бар. Бұл қатарға тек ғимараттар мен мекемелер емес, сквер, саябақтар, алаңдар да кіреді.
«Мақсатымыз – қаламыздағы көрікті орындарды көбейту. Қолымыздан келгенше, тұрғындар мен қонақтардың кез келген уақытта демалуы үшін жағдай жасап жатырмыз. Шыршамыз да өзгеше. Балаларға арналған, коньки тебушілерге арналған аумақтар да бар», – деді мердігерлік ұйымның басшысы Наталья Расторопнова.
Ертегілер қаласында қонақтарды танымал мульткейіпкерлер қарсы алады. Түрлі бейнедегі фигуралар отандық шеберлердің қолынан шыққан. «Бұл аумақ – суретке түсу үшін де таптырмас орын» дейді келген көпшілік. Мұндай нысандардың танымалдылығы қазір әлеуметтік желі арқылы артып жатыр.
«Президент саябағы алғашында қаланың қақ ортасында тұратындар үшін аса танымал емес еді. Әлеуметтік желілер мен фотографтардың арқасында қазір бұл жерге келетіндердің қатары көбейді. Түрлі іс-шараны өткізуге де ыңғайлы дер едім», – деді мердігер ұйымның атқарушы директоры Назима Ералиева
Арнайы алаңқайлар интерактивті қызмет көрсетеді. Ал киіз үйде үш тілде ертегі айтатын ақсақал бар. Бұл нысан сыйлықтар жәрмеңкесімен, шеберлік сабақ және кинокөрсетілімдерімен ерекшеленіп тұр.
Мадина Оқас, Максим Козлов, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы