Құлжа күре жолындағы салынып жатқан жолайрық жыл соңында пайдалануға беріледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Қала әкімі Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Құлжа күре жолы мен Бұқтырма көшесінде салынып жатқан жолайрық желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездескен Алматы әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді деп хабарлайды Almaty.tv.

Ал «Нұршашқан», «Әлмерек», «Қайрат» шағынауданын жарықпен толық қамтуға мүмкіндік беретін «Тұздыбастау» электр бекеті алдағы жылы іске қосылмақ.

Жыл соңына дейін «Шуақты», «Жас қанат» шағынауданының 3 мыңға жуық тұрғыны орталықтандырылған сумен қамтылады. Қазір аталған аудандарға 138 шақырымнан аса желі тартылып жатыр. Ал «Төменгі пятилеткадағы» жұмыстар толығымен келесі жылы аяқталып, 16 мың тұрғын орталық желіге қосылады.

«Өткен кездесуде көтерілген мәселелерді ескере отырып, орталық су бұру желісі жоқ ауданның 7 учаскесіне (9,5 мың үй) тексеру жүргізілді. 2023 жылдың ІV тоқсанына дейін осы мәселені шешу үшін канализация желісін салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленетін болады», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Бұған дейін халық үнемі жарық сөніп қалатынын айтып шағымданған. Бұған электр желілерінің тозуы мен қуат көзінің жетіспеуі себеп дейді әкім. Сондықтан 11 км-дей желі жаңартылады. Ал қуатты арттыру үшін «Тұздыбастау» электр бекеті салынып жатыр. Оны келесі жылдың ортасында беру жоспарланыпты. Жол инфрақұрылымы да жақсарып келеді. Желтоқсан айында жұрт көптен күткен Құлжа күре жолы мен Бұқтырма көшесіндегі жолайрықты салу аяқталады. Сондай-ақ Хмельницкий көшесін Құлжа тас жолына дейін ұзарту үшін тендер рәсімдеу жүріп жатыр екен.

«Жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Сүйінбай даңғылына 4 реттелетін жаяу жүргіншілер өткелі орнатылды. Тұрғындардың өтініші бойынша 70-ші разъездегі светофор ауыстырылды. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін 9 көшеге 7 км тротуар салынды», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Түрксібте мектептердегі орын тапшылығы 2 мыңнан асады. Қазір үш білім мекемесі кеңейтіліп жатыр. Тағы үш мектепке қосымша ғимарат салу көзделіп отыр. Ал денсаулық сақтау саласы бойынша 1 емхана мен 3 отбысылық амбулатория салынады. Ауданда ескі тұрғын үй мәселесі де өте өзекті. Мұндағы барлық көпқабатты үйдің жартысы тозған. «Алтай-2» шағынауданында 2 қабатты 57 үй реновациядан өтеді.

«Бүгінгі күні жеке құрылыс салушылар 17 көппәтерлі тұрғын үй салып жатыр, оларға ескі үйлердің тұрғындары көшіріледі. Осылай, Осипенко көшесінде 59 пәтерлік 2 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады. Онда біз Чернышевский – Сауранбаев – Молдағалиев – Толстой көшелерінің шаршысында орналасқан 4 ескі үйдің тұрғындарын уақытша көшірмекпіз. Бұл бізге келесі жылы осы 4 үйді бұзып, 214 пәтерлік 10 үй құрылысын бастауға мүмкіндік береді», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Бұдан бөлек, биыл қазан айында «Аспан» саябағы мен Маяк тоғайы ел игілігіне беріледі. Сондай-ақ Модағалиев пен Чехов көшелеріндегі тағы бір серуендеу аймағын абаттандыру аяқталады. Ал әуежай саябағын жаңғырту жұмыстары келесі жылы көктемде бітеді.

Назкен Еркін, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров