|
11.04.2024 | 14:39
923

Алматы – ортақ үйіміз: алматылық ақ халаттылар тазалық челленджін жариялады

Бастамаға Алмалы ауданындағы 18 медициналық мекеме қосылады

Алматы – ортақ үйіміз: алматылық ақ халаттылар тазалық челленджін жариялады Almaty.tv

Алматының денсаулық сақтау мамандары ақ халаттылар арасында тазалық челленджін жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Абзал жандар қолға алған бастама өзіндік мәнге ие. «Өзгеріс өзімізден басталады» деген мамандар қолдарына медициналық құрал-жарақ емес, тазалауға арналған заттарды алып шықты. Ондағы мақсат – экологиялық мәдениетті арттыру арқылы өзгелерге үлгі болу. «Алматы – ортақ үйіміз» акциясы аясында бастау алған сенбілік челлендж басқа ауруханалар мен емханаларға жіберілді.

– Үйін таза ұстаған адам жұмыс орнында да ұқыпты болуға міндетті. Орталықта челлендж басталды,  оны келесі медициналық мекемеге тапсырамыз, – деді қалалық кардиологиялық орталықтың бөлім меңгерушісі Несібелі Орсалиева.

Бастамаға Алмалы ауданындағы 18 медициналық мекеме қосылады. Қаламызды көркейтуге бағытталған «Таза бейсенбі» челленджі 1 ай бойы жалғаспақ. Оның аясында мамандар медициналық мекемелердің аймағын, ғимараттардың ішін тазалауға үлес қосады.

– Бүгінгі челлендж – сүйікті Алматы қаламыздың тазалығын сақтау үшін жарияланған. «Тазалық – денсаулық кепілі»  демекші, сенбіліктер жиі-жиі өткізіледі, – деді Алмалы ауданы Бастапқы медико-санитарлық көмек көрсету орталығының бас мейіргері Эльмира Сүйіндікова.

Айта кетейін, республика бойынша қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы Алматыда 8 сәуірде бастау алды. Тазалық жұмыстары 4 аптаға бөлінген. Алғашқы аптада қалалық инфрақұрылымды ретке келтіруге көңіл бөлінеді. Науқанға ниет білдіруші кез келген қала тұрғыны қатыса алады.  

Жансая Олжабек, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы – біздің ортақ үйіміз: тазалық науқанына суретші өрендер қосылды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир