|
10.04.2024 | 20:22
1873

Алматы – біздің ортақ үйіміз: тазалық науқанына суретші өрендер қосылды

«Менің қалам – Алматы» деген атаумен өткен флешмобқа барлығы 50-ге жуық адам атсалысты

Алматы – біздің ортақ үйіміз: тазалық науқанына суретші өрендер қосылды Almaty.tv

«Ару қаламыздың аспаны ашық, ауасы таза болсын!». Бұл – жүректегі қалауын қылқаламмен өрнектеген өнерпаздардың тілегі. Мегаполисте бастау алған «Алматы – біздің ортақ үйіміз» тазалық науқанына суретші жас өрендер де қосылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түрлі түсті қарындаш, бояулар, ақ қағаз. Бұл – «Біздің қала – біздің көше» науқанына үлесін қосуға жиналған жас суретшілердің  «тазалық» құралы. Таңсәріден Достық саябағында жиналған олар Алматының тұмса табиғатын бейнеледі. Оқушылар салған суреттегідей шаһардың әрдайым әсем әрі таза қалпында қалғанын қалайтынын жеткізді.

– Мен тауды жақсы көремін. Сол үшін таудың суретін салып жатырмын. Қалаға қоқыс тастамайық, – деді «Өнер» мектебінің оқушысы Әлия Бердеш.

– Саябақтың суретін салып жатырмын. Қаламның ауасы таза болғанын қалаймын, – деді «Өнер» мектебінің оқушысы Медина Рамазанова

Өнер мектептерінің басын қосқан іс-шараны Бостандық ауданы әкімдігі ұйымдастырды. «Менің қалам – Алматы» деген атаумен өткен флешмобқа барлығы 50-ге жуық адам атсалысты. Ұстаздар «сурет арқылы да балалардың бойына экологиялық мәдениетті сіңіріп, қоршаған ортаға деген махабатты оятуға болады» дейді.  

– Науқанды қолдау мақсатында балалармен өзеннің жағасына келдік. Олар шабыттанып, сурет салып жатыр. Мақсатымыз – балаларға қаланы таза, әсем ұстауды үйретіп, Алматы қаласына деген сүйіспеншілігін оятып, қаланы құрметтеуге шақыру, – деді «Өнер» орталығының мұғалімі Томирис Қуатбай.

Алмалы ауданының да белсенділері науқаннан тыс қалмады. 10-нан астам коммуналдық қызмет мамандары жертөлелерді тазартып, жаяу жүргіншілер жолын сыпырды. Аудан бойынша тазалық жұмыстарына 100-ге жуық адам жұмылдырылды.

– «Алматы – біздің ортақ үйіміз». Табиғатты аялау – міндетіміз. Осы мақсатта кешенді жұмыстарды қолға алып, аудандағы барлық жерасты өткелін тазалап жатырмыз, – деді мердігер ұйым өкілі Артем Григорян.

Айта кетейік, республика бойынша бастау алған «Таза Қазақстан» акциясы Алматыда 8-сәуірде басталды. Тазалық жұмыстары 4 аптаға бөлінген. Алғашқы жетіде қалалық инфрақұрылым ретке келтірілсе, келесі аптада аулалар абаттандырылады. Кейін саябақтар мен жағажайлар тазартылмақ. Іс-шараға ниет білдірген кез келген қала тұрғыны қатыса алады.  

Аяулым Көлжігіт, Хангелді Ахметханов, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Олимпиада чемпионы алматылықтарды «Алматы - біздің ортақ үйіміз» науқанына қосылуға шақырды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир