Алматы жастарын инновациялық және шығармашыл идеялар байқауына қатысуға шақырады

15.08.2023 19:45

Байқауға өтінім 2023 жылдың 15 тамызы мен 10 қазаны аралығында қабылданады

Пресс-служба акима Алматы

“Тәуелсіздік ұрпақтары” гранттарын беру жобасы Алматы қаласының тұрақты тұрғыны саналатын 14 пен 35 жас аралығындағы жастар бастамаларын жүзеге асыруға бағытталған. Іс-шара ұйымдастырушылары Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында байқау жөнінде толығырақ айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

2023 жылдан бастап гранттар алғаш рет өңірлік деңгейде берілетін болады. Байқауға өтінім 2023 жылдың 15 тамызы мен 10 қазаны аралығында қабылданады.

“Қазіргі уақытта Алматы қаласының жастар саясаты басқармасының қолдауымен “Алматы Студенттер Альянсы” корпоративтік қоры қала жастарына арналған “Тәуелсіздік ұрпақтары” гранттарын беруге конкурс жариялады. Атап айтқанда, жоба Алматы қаласының тұрақты тұрғыны саналатын 14 пен 35 жас аралығындағы жастар бастамаларын іске асыруға бағытталған”, - деді гранттарды беру жөніндегі іс-шараны ұйымдастыру жобасының жетекшісі Шырын Тленчиева.

Гранттар жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін конкурстық негізде мына бағыттар бойынша беріледі:

1. “Ғылым” - ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобалар мен зерттеулерді іске асыру үшін;

2. “Мәдениет” - Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыру үшін;

3. “Ақпараттық технологиялар” - жаңа IT-шешімдер мен жобаларды, оның ішінде стартап-жобаларды іске асыру және әзірлеу үшін;

4. “Бизнес” - экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін;

5. “Медиа” - жаңа медиа-жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыру үшін.

Гранттың мөлшері мен саны әр бағыт бойынша анықталады. Бір гранттың мөлшері 1 млн теңгені құрайды. “Ғылым”, “Ақпараттық технологиялар” және “Бизнес” бағыттары бойынша 3 жеңімпаздан, ал “Мәдениет”, “Медиа” бағыттары бойынша 2 жеңімпаз анықталады. Жалпы конкурс аясында 13 үміткердің жеңімпаз атануға мүмкіндігі бар.

Жалпы конкурс екі кезеңде өткізіледі:

- I кезең - уәкілетті органның конкурстық өтінімдерді қабылдауы және талаптарға сәйкестігін қарау;

- II кезең - конкурстық өтінімдерді бағалау және конкурс жеңімпаздарын анықтау.

“Грант берудің мақсаты - белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жаңа және қолданыстағы жастар бастамаларын мемлекеттік қолдау”, - деп атап өтті спикер.

Грант беру міндеттері:

1) талантты және талапшыл жастарды қолдау;

2) елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін практикалық қызығушылық тудыратын жастардың инновациялық жобалары мен ғылыми-техникалық әзірлемелерін анықтау және қолдау;

3) жастардың жаңа және қолданыстағы стартап-жобаларын іске асыруға жәрдемдесу;

4) жастар арасында шығармашылық қызметті танымал ету.

Конкурстық комиссияның құрамына орталық атқарушы органдар мен азаматтық қоғамның өкілдері, ғалымдар және грант бағыттары бойынша мамандар мен сарапшылар енгізіледі. Конкурстық комиссияның отырыстары ашықтық, айқындық қағидаттарында, интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында онлайн-трансляция режимінде өткізіледі.

Конкурстық өтінімдер мемлекеттік және орыс тілдерінде қабылданады:

1) Жобаның сипаттамасын;

2) жобаның бейне-таныстырылымын (60 секундтан аспайтын);

3) шығыстар сметасының жобасын;

4) зияткерлік меншік туралы мәліметтерді (бар болса) ұсынуы тиіс.

Ұйымдастырушы конкурстық комиссияның конкурс жеңімпаздарын анықтау туралы хаттамасының негізінде конкурс жеңімпазы банктік шоттың бар-жоғы және нөмірі туралы анықтаманы ұсынғаннан кейін конкурс жеңімпазымен шарт жасасады.

Конкурстың кәмелетке толмаған жеңімпаздары Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген тәртіппен шарт жасасады.

Грант алушы 3 айда бір рет жобаның іске асырылу барысы туралы есепті ұйымдастырушыға ұсынады.

Ұйымдастырушы күнтізбелік 1 жыл ішінде грант қаражатының нысаналы пайдаланылуына, оның ішінде грант алушының ұсынған есебі бойынша мониторингті жүзеге асырады.

Жоба бойынша толық ақпарат пен туындаған сұрақтарға жауапты “Алматы студенттер альянсының” @qsa_almaty әлеуметтік желісінен алуға болады.