Бұл туралы Алматы мәслихатының кезекті XXII сессиясы барысында қалалық экология және қоршаған орта басқармасы басшысының м.а. Мирас Гайсин айтты
Алматыда жауын-шашынның салдарынан су басудың алдын алу үшін әл-Фараби даңғылындағы жерасты жаяу жүргіншілер өткелінде су бұру желілерін салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Алматы мәслихатының кезекті XXII сессиясы барысында қалалық экология және қоршаған орта басқармасы басшысының м.а. Мирас Гайсин мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Спикер атап өткендей, жоба аясында әл-Фараби даңғылының оңтүстігінде Кереңқұлақ пен Есентай өзендерінің арасындағы аумақ қамтылады. Жобада судың мейлінше көп шығынын ескере отырып, арық желілерін реконструкциялау, су ағызғыш орнату, ойықтарды қайта құру, қолданыстағы су бұру желілерін кеңейту көзделген.
Қазір басқарма техникалық тапсырма дайындады, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу биыл басталады деп жоспарланған.
Сонымен қатар бюджетті нақтылауға Алатау ауданының «Томирис» шағынауданындағы Джигитовка өзені тоғанының гидротехникалық құрылыстарын қайта жаңарту мәселесі қозғалды.
«Жалпы, қала аумағында 40 гидротехникалық құрылыс бар, оның 6-ы Алатау ауданында орналасқан, жағдайы мәз емес. Тоғандар каскады 1960 жылдары салынған, содан бері мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Алайда жауын-шашын көп болған жағдайда, гидротехникалық құрылыстарды шайып кету қаупі туындайды», - деді Мирас Гайсин.
Түйткілді тарқату үшін басқарма биыл 4-тоқсанда гидротехникалық құрылыстарды жаңартуға жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді жоспарлады. Жобада тозған гидротехникалық құрылыстар мен көтергіш гидромеханикалық жабдықтарды реконструкциялау, тірек құрылыстарын салу, заңсыз құрылыстарды бұзу, тоғандардың тостағанын тазалау және жағалауды нығайту, тазарту құрылыстарын орнату, жасыл қорды жаңарту көзделеді.