Алматыда жұмыссыз және оқымайтын жастардың үлесі екі есе қысқарады

12.09.2022 20:05

Алматыда 14-29 жас аралығындағы азаматтардың жалпы санынан NEET үлесі 6,3 пайыз

egemen.kz

Алматыда жұмыссыз және оқымайтын жастардың үлесін екі есе қысқарту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматыда біліммен, жұмыспен немесе біліктілікті арттырумен қамтылмаған жастардың үлесі (ағылш. NEET-not in Education, Employment or Training), 2025 жылға қарай қазіргі 6,3%-дан 4,5%-ға дейін және 2030 жылға қарай 3%-ға дейін қысқарту жоспарланып отыр.

"Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасында және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларында" жастардың өзін-өзі дамытуы мен дамуы үшін тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған шаралар кешенінің күтілетін нәтижелері осындай болуы тиіс екені қарастырылған.

Ресми статистика бойынша, Алматыда 14-29 жас аралығындағы азаматтардың жалпы санынан NEET үлесі 6,3% (440 мыңның 27,7 мыңы) құрайды. Жыл сайын қала тұрғындарының бұл санаты жоғары оқу орындарын, оның ішінде басқа қалалардан келген түлектер есебінен толықтырылады, өйткені түлектердің жалпы санынан шамамен 12 мың адам оқу бітіргеннен кейін бір жыл ішінде жұмыс таба алмайды.

Оқу орындарының түлектерін әлеуметтік бейімдеу және жұмысқа орналастырудың тиімді процесі үшін жастар саясатын дамытудың мемлекеттік қоры базасында 2022 жылы жоғары оқу орындарының, жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдардың мансап орталықтарының өзара іс-қимыл жүйесін енгізе отырып, қалалық мансап орталығы құрылатын болады.

Бұдан өзге, 2022 жылдан бастап жыл сайынғы негізде жоғары оқу орындары мен колледждерге түсу үшін, оның ішінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға, сондай-ақ кәсіпкерлік дағдыларға оқыту үшін жастарды кәсіптік бағдарлау ұйымдастырылатын болады. Сондай-ақ, "Жаңа кәсіптер атласына" сәйкес колледждердің білім беру бағдарламаларын трансформациялау, жалпы қалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізу, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен колледждер түлектерінің бір бөлігін оқуды бітіргеннен кейінгі бірінші жылы жұмысқа орналастыруды мемлекеттің субсидиялау жоспарда бар.

Білімі жоқ NEET санатындағы жастарды жұмысқа орналастыру үшін 2023 жылдан бастап еңбек нарығында сұранысқа ие өзекті мамандықтар бойынша, ең алдымен экономиканың сервистік, IT-секторлары үшін, сондай-ақ құрылыс саласы үшін жұмыс кәсіптері бойынша оқыту бағдарламасын іске қосу жоспарлануда, ол жылына 10 мың жасты қамтиды.

Жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында қаланың 8 ауданында 2022 жылдың екінші жартысынан бастап "НаркоЅТОР" орталықтары құрылып, оған жастармен жұмыс істеу үшін кәсіби кадрлар тартылатын болады.

Бұдан басқа, жастар арасында салауатты демалысты ұйымдастыруға және СӨС құндылықтарын ілгерілетуге, сондай-ақ студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге бірқатар шаралар бағытталатын болады.

Ағымдағы бюджет пен инфляцияны ескере отырып, жастарды қолдаудың қолданыстағы шараларына 2025 жылға дейін күтілетін қосымша шығындар жергілікті бюджеттен 18,3 млрд теңгеге бағаланады. 2026 жылдан 2030 жылға дейінгі кезеңде күтілетін қосымша шығындар – 32 млрд теңге.