Алматыда мемлекеттен қайтарымсыз грантты кімдер ала алады

Almaty.tv
Almaty.tv
Биыл 94 адам грант алған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматыда 94 адам мемлекеттен қайтарымсыз грант алған. Бизнес бастап, я бар кәсібін дамыту үшін өтінім бергендерге 1 млн 380 мың теңге мақұлданды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл мүмкіндік кәсіп ашып, іс бастауға сеп болмақ. Кәсіпкерлікті қолдау үшін биыл алматылықтарға 517 жарым млн теңге сомасында 375 грант беру жоспарланып отыр. Оның 94-і бірінші лек бойынша табысталып үлгерді. Аталған қаржылай көмек кәсіп бастап, іс жүргіземін деген осал топтағы азаматтарға мақсатты түрде беріледі. Олар өтінім берерде нақты бизнес жоспарын ұсынады, соған сай қарар қабылданады.

Аталған грант негізінен кез келген кәсіпкердің қажетті еңбек құралдары мен технологиялық жабдықтарын сатып алуға, сондай-ақ ғимаратты жалға алу ақысын төлеуге беріледі. Әрі мал мен құс бағып, көшет отырғызуға болады.

«Шаштараз ашып, шаш етектен мүмкіндікке ие болдым» деген Әнел Берік – осы грантты ұтып алғандардың бірі. Ол 7 жыл бойы осы салада жүргенімен, кәсіп бастап кетуге қаржы қолбайлау болғанын айтады. Қазір 3 адамды жұмыспен қамтып отырған ол кәсібін үлкейтіп, сән салонын ашуды жоспарлап отыр.

– Бұл қайтарымсыз грант болғандықтан өте пайдалы. Өйткені, қазір шағын болса да бизнес бастау үшін 2 млн теңге қаражат керек. Ондай ақша ешкімде табыла кетпейді немесе несие алуға тура келеді. Ал мемлекет ұсынған жоба өте тиімді деп ойлаймын, – деді кәсіпкер Әнел Берік.

Грант 400 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тағайындалады. Бұл дегеніміз - 1 млн 380 мың теңге. О баста бизнес жоспарын ұсынып, оң шешім алған азамат жұмысы жүзеге асқан соң, маусымдық есеп өткізеді.

– Өтінім қабылдана береді. Осы бірінші лектің қортындысы бойынша, бізге 94 грант бөлінген. Ал 1059 өтініш түсті. Осының ішінен іріктеп аламыз. Қатысушылар қазір өзінің кәсібін дамыту үшін құрал-жабдық алып жатыр, – деді Жұмыспен қамту орталығы кәсіптік оқыту бөлімінің бас маманы Аида Кранбай.

Грант алудың арнайы шарттары бар. Яғни, жұмыссыз ретінде орталықта тіркелуі керек. Сондай-ақ әлеуметтік аз қамтылған отбасы мүшелері мен қандас мәртебесі бар азаматтар жобаға өтінім бере алады. Үш жылдан бері кәсіппен айналысқан тұрғындар грант ала алады.

Мадина Оқас, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров