Мақсаты – халқымыздың дәстүрі мен сән-салтанатын паш ету
Алматыда Наурыз мейрамы театрландырылған шеруден басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Таңғы 9:00-де Абай алаңы маңында театр ұжымдары мен түрлі ұлт өкілдері көш бастап, 700-ден астам тұрғын қоштап, қала көшелерін аралады.
Керуен Абай және Абылайхан даңғылының бойымен, Төле би көшесіне дейін жүріп өтті. Мақсаты – халқымыздың дәстүрі мен сән-салтанатын паш ету.
«Біздің қазақ халқының төл мейрамы – Наурыз келіп жетті. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Ақ мол болсын! Жақсылық, бейбіт заманда әр шаңырақта той болсын!» – деді қала тұрғыны.
«Ұлыстың ұлы күні – Наурыз құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әрқашан қазағымыз бейбіт заманда өмір сүрсін дейміз», – деді қала тұрғыны.
Көшті тамашалауға ұлттың беткеұстар тұлғалары да келіп, елді мейраммен құттықтады.
«Той құтты болсын! Наурыздан наурызға аман-есен жете берейік! Көктемде көтеріңкі көңіл-күйменен, жаздыгүні жадырап, күздүгіні толайым табысқа жетіп, қыстан қысылмай шығып, келесі жылдың наурызын осылай жақсы қарсы алайық!» – деді Қазақстанның Еңбек ері Дулат Исабеков.
«Биыл Алматы қаласындағы мейрамнан бұрынғыдан өзгерек болып жатыр. 14 наурыздан бастап қалада күн сайын түрлі іс-шара өтіп жатыр, той-думан болып жатыр. Бүгінгі шеруді де көріп тұрмыз. Наурыз келгенде, жақсылықтың жаңа парағы ашылғандай болады. Сондықтан өз тілегімізді айтып қалғымыз келеді», – деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
Наурыз керуенінің соңғы нүктесі Астана алаңы болды. Сонда келіп тоқтаған жұртты концертке жиналған қауым күтіп алды.
Жадыра Омаржан, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы