Бұл туралы бүгін Президенттің қатысуымен өткен Үкімет отырысында Алматы әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді
Алдағы 2-3 аптада кәсібі зардап шеккен бизнес өкілдерінің 82 пайызы, яғни 1253 субъектісі өтемақы алады. Бұл туралы бүгін Президенттің қатысуымен өткен Үкімет отырысында Алматы әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қалған 274 кәсіпкерге өтемақы сараптама жұмыстары аяқталған соң төленеді. Жалпы қаңтар оқиғасында қалада 1527 кәсіпкердің мүлкіне нұқсан келтірілген. Бұдан бөлек биыл 50 мың жаңа жұмыс орны құрылмақ. Оның 31 мыңы бизнес тарапынан ашылады. Сондай-ақ қала тұрғындарының нақты табыс көзін 5 пайызға, ал жалпы ішкі өнім көлемін 4 жарым пайызға өсіру жоспарланыпты.
«Жаңа инвестициялық жобаларды жасауға және бизнес саласын дамыту үшін білікті мамандар тапшы. Сондықтан нарық талабын қанағаттандыру мақсатында техникалық білім беретін ұйымдарға берілетін мемлекеттік тапсырыстарды арттырамыз», - деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Сонымен қатар Ерболат Досаев Әл-Фараби даңғылының Шығыс айналма жолынан Саин көшесіне дейінгі аралығын жөндеуге бөлінген 2 млрд теңгені мүлде жолы жоқ аудандарға жұмсау туралы шешім қабылдады. Бұдан өзге, мегаполис басшысы азық-түлік бағасының өсуі халықтың табысына кері әсер ететінін атап өтті. Бұл ретте бағаны тұрақтандыру үшін жергілікті қазынадан 11 млрд теңге бөлінді.
«Ақпанның соңына дейін қала нарығындағы «айналым жүйесі» мен «әлеуметтік дүкендерді» қосымша қаржыландыру туралы шешім шығарылады. Үй маңындағы дүкендерге тікелей тауар жеткізу туралы 204 келісімшарт, нан өндірушілерімен 19 меморандум жасалды», - деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.