Ауданның 1960-1970 жж салынған инженерлік инфрақұрылымы елеулі жаңартуды қажет етеді. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайлы Almaty.tv тілшісі.
Әкімнің айтуынша қазіргі уақытта бірқатар проблемалық учаскелер бойынша тез арада шешім қабылдау керек.
«Биыл қыркүйек айында Достық шағынауданында 22 көшеде және Арычная, Ықылас, Западная көшесінде сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу үшін 2 жобаның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу жоспарланған. Құрылысты 2023 жылдың наурыз айында бастау көзделген», – деді Ерболат Досаев
Оның айтуынша, Достық шағынауданында - 22 көшеде канализация жүйесі жоқ. Мамыр-4 шағынауданында және Арычная, Ықылас, Западная көшесінде сумен жабдықтау және су бұру желілері тозған.
«Қазіргі уақытта Саин-Шаляпин-Жандосов көшесі, «Қарғалы» өзені шаршысында және Мамыр-4 шағынауданында пайдаланылатын уақытша сумен жабдықтау желісі бойынша дереу шешім қабылдау қажет. Менің тапсырмам бойынша осы сумен жабдықтау және су бұру желісіне арналған 2 жобаның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге конкурс жарияланды. Олар осы жылдың 30 мамырында аяқталады», – деді әкім.
Құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін 2023 жылы біз құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастауды көзделген.