Сайран көліне қандай реконструкция жасалады

21.05.2024 20:09

Аумақты көгалдандыруға ерекше назар аударылады

Алматы әкімдігі / пресс-служба акима Алматы

Сайран көлі Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды және қауіпсіз орынға айналады. Мегаполис әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша мұнда негізгі су айдынының келбеті мен функционалдығын өзгерту бойынша ауқымды жоба қолға алынуда, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қала басшысы су қоймасының іргелес аумағын реконструкциялау және абаттандыру жұмыстарының барысымен жеке өзі танысты. Ерболат Досаев барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін Сайран көлі Алматының полиорталықтарының броне айналатынын, онда қала тұрғындары маусымға қарамастан балалармен бірге уақыт өткізе алатынын атап өтті.

Алматы әкіміне жобаны ландшафт сәулетшісі Нелли Лаптева таныстырды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта осы учаскеде қолда бар конструкциялар мен шағын сәулет пішіндерін бөлшектеу аяқталды. Жобаға сәйкес батыс және шығыс кіреберіс топтарының аркаларын жөндеу қарастырылған, онда қоршаулары бар жаяу жүргіншілерге арналған тасжолдар салынады. Солтүстік және оңтүстік жағалауларда тіреу қабырғалары және ұзындығы 250 және 150 метр болатын екі понтондық жаяу жүргіншілер өткелі болады.

Сонымен қатар, жағажай аймақтарына жаңа құм төселеді. Келушілерге ыңғайлы болу үшін іргелес аумақта: орындықтар, урналар, бар үстелдерімен перголалар, фудкорт пайда болады. Белсенді демалыс үшін роллердромы бар скейтпарк, тренажерлар, паркурға арналған орын, велопарк, теннис корттары және балалар қалашығы жасалады.

Аумақты көгалдандыруға ерекше назар аударылады: 4 мыңға жуық ағаш, 7 мың шаршы метр жасыл желектен жасалған қоршау, гүлзарлар, 300 мың шаршы метр түрлі шөптер отырғызу жоспарлануда. Сонымен қатар, Сайранда алғаш рет су өсімдіктері – лотос пайда болады.

Абаттандыру жобасында 5 қоғамдық дәретхана мен иттерді серуендетуге арналған қоршалған алаң жасау көзделген. Демалушылардың қауіпсіздігі 2 полиция пункті, 2 құтқару бекетін салу есебінен қамтамасыз етілетін болады. Демалыс аймағының периметрі бойынша бейнебақылау камералары мен дабыл түймелері іске қосылады.

«Біз екі жағалаудан ұзындығы 2,5 шақырым болатын бірыңғай серуендеу жағалауын жасаймыз. 250 және 150 метрлік екі понтонды өткел бар. Жағалау ені 11 метрге ұзарады. Төле би көшесі жағынан саябақты шудан, қурап кетуден қорғайтын және оның толық аяқталғанын білдіретін ауқымды жасыл аймақ жасаймыз. Жалпы, белсенді демалыс аймағын құратын боламыз. Теннис алаңына және қысқы мұз айдынына арналған желі тартатын боламыз», - деп атап өтті Нелли Лаптева.

Абаттандыру жобасымен танысқан  қала басшысы келушілерге арналған паркинг ойластыруды, жасыл желектерге дұрыс күтім жасауды тапсырды.

Аудан тұрғындары Алматы әкімі Ерболат Досаевқа Сайран көлі аумағының ауқымды өзгеретіні үшін алғыс білдірді.

«Сайран туралы біздің өтінішімізге назар аударғаныңыз үшін рахмет. Өте жақсы жоба», - деді қала тұрғындары.

Мегаполис басшысы жалпықалалық жобалардың басты мақсаты – қаланың барлық ауданындағы алматылықтардың жайлылығы мен қауіпсіздігі екенін атап өтіп, полиорталықтарды дамыту аясында мұндай тартылыс нүктелер  қатарының артатынын айтты.

Жобаны іске асыру және жағалауды пайдалануға беру көктемгі өсімдік отырғызудан кейін 2025 жылдың мамырына жоспарлануда. Жаңарған жағалау Алмалы және Әуезов аудандары тұрғындары үшін тартымдылық орталығына айналады және бір уақытта мұнда  3 мыңнан астам  адам тыныға алады деп болжануда.

Еске салсақ, Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша 2022 жылы соңғы 50 жыл ішінде алғаш рет Сайран су қоймасының түбі қоқыс пен лай шөгінділерден механикалық түрде тазартылды, содан кейін абаттандыру жұмыстары басталды. Абаттандырылған аумақтың жалпы ауданы 46,79 га құрайды.

Оқи отырыңыз: Су тасқыны: Жалаулы ауылында 5 баспана шілдеде пайдалануға берілмек