Алматыда 383 гектар жер қала иелігіне қайтарылды. Жалпы шаһарда тұрғын үйлер, аурухана мен мектептер салу үшін жер телімдері тапшы болып келген. Енді мемлекет балансына өткен учаскелерге әлеуметтік нысандар бой көтере бастайды. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Байтілес айтсын.
Өткен жылдың соңында қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың ұсынысымен игерілмей қалған жер телімдерін қала иелігіне қайтару жұмыстары басталған еді. Бұл жоба мегаполистің инфрақұрылымын дамыту мақсатында қолға алынған. Бұрын сатып алынып, алайда қазір жұмыс істемейтін активтерді ел экономикасына қайтару процесін жеделдету үшін «Проблемалық несиелер қоры» тарапынан қалаға 243 гектар жер яғни 196 учаске қайтарылыпты.
«Осы орайда тағы бір тоқталатын мәселе жер учаскелері проблемалық кредиттер қорының «КАЗКОМ Реалти» деген еншілес ұйымынан талап ету құқықтары шеңберінде қорға берілген болатын. Талап ету құқықтары шеңберінде берілген бұл жерлер қайтарылуы тиіс барлық мүліктің 76 пайызын құрап отыр», – деді «Проблемалық несиелер қоры» АҚ ресми өкілі Ардагер Уайдин.
Ал қалалық жер қатынастары басқармасының өкілдері қазір коммуналдық меншікке қайтарылған телімнің жалпы көлемі 383,5 гектар дейді.
«Кезінде несие арқылы алынған жерлер болатын, қазіргі таңда қаламыздың әлеуметтік мақсатына және инфраструктуралық жобаларына қайтарылып отыр. 383 га жер телімі. Соның ішінде қазіргі таңда қалада мектеп салу үшін, аурухана салайын деп жатырмыз», – деді қалалық Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Құлмолдинов.
Сондай ауруханалардың бірі қазір Райымбек даңғылы бойында бой көтеріп жатыр. 300 төсек-орындық инфекциялық модульдік аурухананы салуға мұнда 6 гектар жер бөлініпті. Ал Қалқаман ықшам ауданында 3 гектар жерге 1500 орындық мектеп салынуда. Одан бөлек тағы 10 гектарға тұрғын үй мен балабақша тұрғызу жоспарланған. Сондай-ақ, қайтарылған учаскелердің 180 гектары саябақтар жасауға қолданылады.
Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы