Алматының Әуезов ауданындағы 11 көшенің жарығы жаңа шамдарға ауыстырылады

29.09.2021 20:13

Сыртқы жарықтандыру желілері мен жарық нүктелерінің зақымдануы бойынша аудан аумағы толық тексеруден өтті

«Алматы» телеарнасының тілшілері әкімдік өкілдерімен бірлесіп қала көшелеріне рейдке шықты. Соның нәтижесінде Әуезов ауданындағы 11 көшенің жарығы жаңа шамдарға ауыстырылатын болды. Тексеріс барысында кей көшенің шамы жанбай тұрғаны анықталып, жауапты адамдарға қатаң ескерту жасалды. Сондай-ақ тексеру тобы аталған мәселені тез арада реттеуді тапсырды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Әуезов ауданында 15 мыңға жуық көше шамы орнатылған. Олардың арасында жөндеуді қажет ететіндері де бар. Сондықтан Әуезов ауданы әкімдігінің қызметкерлері мен мердігер ұйым өкілдері рейд жұмыстарын жүргізді.

«Магистралды көшелерде және аула алаңдарына бақылау жұмыстарын жүргізу үшін рейдке шықтық. Жұмыс барысында аудан аумағындағы кейбір жарық шамының жанбай тұрғаны анықталды», – деді Әуезов ауданы әкімі аппараты Көріктендіру бөлімінің бас маманы Әсет Жапақов.

Ал мердігер ұйым өкілінің айтуынша, қараңғы түнді жарық етер шамдарды жөндеу жұмысы күндізгі уақытта жүргізіледі. Кешкі уақытта көше шамы істен шықса арнайы топ жедел жетіп, себебін анықтайды.

«Дәл қазір Әуезов ауданы бойынша көше шамдарын жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 11 көшенің жарығы жаңа шамдарға ауыстырылады. Барлығы жөндеуден өтеді», – деді «Алматы Қала Жарық» МКК басшысының орынбасары Мақсат Батхан.

Сыртқы жарықтандыру желілері мен жарық нүктелерінің зақымдануы мәселесі бойынша аудан аумағы толық тексеруден өтті. Жауаптыларға бұл істе жауапкершілік таныту міндеттелді.

Оразай Нұртай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы