Негізгі күш Алматыға жаңадан қосылған аймақтарға құрылыс жүргізуге арналады - Жанат Айтілеу

26.01.2023 01:46

2040 жылға дейін Алматы қаласы бес полиорталық бойынша дамиды

Almaty.tv

2040 жылға дейін Алматы қаласы бес полиорталық бойынша дамиды. Бүгін сарапшылар, қоғам белсенділері мен жалпы жұртшылық қаланың Бас құрылыс жоспарын талқыға салды, деп хабарлайды Almaty.tv.


Білікті сәулетшілер мен құрылысшылар бүгін қаланың бас жоспарын қалың жұртшылыққа ұсынды. Жоспарда тұрғын үй, әлеуметтік, инженерлік, көлік сияқты маңызды салалар қарастырылған. Басты вектор - агломерациямен үйлесімді байланыс орнату, жайлы орта қалыптастыру, көлік қатынасын реттеу, жасыл аумақтар мен әлеуметтік нысандарды арттыру болмақ.

«Тұжырымдаманың негізі адамның жайлы өміріне бағытталған. Яғни жүргіншілер жолы, дамыған көлік инфрақұрылымы, агломерациямен кедергісіз байланыс, экологиялық қауіпсіз қала ретінде қараластырылады. Қаланың орталығын көліктерден азайту үшін қоғамдық көліктерді көбейту, ақылы тұрақтарды арттыру сияқты іс-шараларды енгізу көзделген», – деді «Алматыбасжоспар» ҒЗИ бас директоры Асхат Садуов.

Сарапшылар қала халқының саны 2040 жылға дейін 3 миллион адамға жетеді деп болжапты. Табиғи өсімнен қарағанда шаһардың механикалық өсімі, яғни қалаға көшіп келушілердің саны 60 пайызға артады деп қарастырылған. Сондықтан құрылыстың басым бөлігін әлеуметтік маңызы бар нысандар қамтымақ. Осы орайда Алматыда 300-ден аса балабақша мен 188 мектеп салынбақ. Мәселен 2030 жылға дейінгі жоспарланған жұмыстарды іске асыру үшін шамамен 1 триллионнан аса инвестиция салынуы керек екен.

«Қаланың негізі аумағы үлкеймейді. Бас жоспардың жобасы қаланың 70 мың гектарына арналған. Облыстан қосылған жерлерде, елдімекендерде халыққа керекті әлеуметтік нысандар да жеткіліксіз. Сондықтан күш қалаға жаңадан қосылған аймақтарға құрылыс жүргізуге арналған. Өйткені ол жерде мектептер, балабақша, ауруханалар жетіспейді», – деді «Алматыбасжоспар» ҒЗИ бөлім меңгерушісі Жанат Айтілеу.

Жалпы қала бес полиорталыққа бөлініп, дамиды. Әр орталықта адамға керекті қызмет қолжетімді болады әрі іскерлік орта қалыптасады. Мәдени, тарихи орталыққа да мән беріледі.

«Бұл жерде шағынаудандық құрылыс жүйесі ыңғайсыздау, ал кварталды жүйе жақсы дейді. Қала бойынша, ауданы бойынша полицентр десек, ол – әр ауданның орталығы. Ал егер де агломерацияны алсақ, ол жерде де бұл терминдерді пайдалануға болады», – деді сәулетші Сағындық Ауғанбай.

Қаладағы жаңа тұрғын үй құрылысының көлемі 2040 жылға дейін 45 млн шаршы метрге жетеді. Экологиялық тепе-теңдікті тұрақты сақтау үшін рекреациялық аймақтар мен тау бөктері аралығында табиғи желденуге жағдай жасайтын «жасыл» өзен дәлізі енгізіледі. Кәсіпорындар шаң-газды тазарту қондырғыларын енгізуге міндеттеледі. Олай болмаған жайдайда кәсіпорындарды Индустриялық аймаққа көшіру қарастырылады. Жалпы жаңа бақтар мен скверлер көбеймек.

«Ауа температурасын түсіру үшін әрі экологияны жақсарту мақсатында жасыл аймақты барынша көбейтуіміз керек. Сондай-ақ қаланың сейсмикалық жағынан қауіпсіз болуына мән берілгені жөн. Бұл жағынан жұмыстар жақсы жүріп жатқанын байқаймыз. Салынып жатқан ғимараттар жоғары деңгейдегі жер сілкінісіне төтеп бере алады деп айтуға болады», – деді ҚР Сәулетшілері одағы басқармасының мүшесі Аркинжан Мәметов.

Есте болса, қолданыстағы стратегиялық құжат 2002 жылы бекітіліп, уақыты аяқталғандықтан жоспарды 2030 жылға дейін жасау көзделген еді. Алайда оған енген түзетулер жан-жақты дұрыс жетілдірілмегендіктен былтыр қала әкімі Ерболат Досаев жоспарды 2040 жылға дейін қайта қарастырып, жаңа бас жоспар жасауды тапсырған болатын. Қоғамдық талқылау екі күн жалғасады. Тілек пен ұсынысескеріліп, пысықталған жоспар Үкімет қарауына жіберіледі.

Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы