Алматы - мәдениеттің орталығы
Қала күні қарсаңында Алматының айрықша бейнесі айтылған ізгі тілектер де аз емес. Мемлекеттік деңгейде дәрежесі бар мегаполис тұрғындарын елдің әр аумағындағы, әрі шетелдегі азаматтар да құттықтап жатыр. Ел ағалары шаһардың шынайы сұлулығын, тарихи тұтастығын тілге тиек етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іле Алатауының баурайындағы алмағайып өлке - мың жылдан астам тарихы мен 2 миллион тұрғыны бар шаһар. Бүгінде бұл қала елдің ғылыми, мәдени, тарихи, һәм өндірістік, әрі қаржы орталығы. «Осы мәртебесі - бабалар жолынан бүгінге жалғасты», – деген ел ағалары келешекте де қала келбетін сақтаудың ортақ міндет екенін айтады.
«Алматы менің туып-өскен қалам. Бұл бәріміздің жүрегімізге, санамызға ерекше жақын қала. Маржан тастардың бірі ғой», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов.
«Алматыны өзім жақсы көрем. Алматы менің туған қалам. Алматы жасай берсін, көгере берсін, көктей берсін!» – деді КСРО халық әртісі, Қазақстанның еңбек ері Асанәлі Әшімов.
Алматы - мәдениеттің орталығы. Ел таланттарының басым көпшілігі өнердегі алғашқы қадамын әуелі осы шаһарда бастап, осы мекеннен шабыт алды. Ал, «аумағынан бөлек, алмасының өзі адамзат тарихымен байланысты оңтүстік астананың тұмса табиғаты - шырқау шабыттың бастауы», – дейді күйші Шәміл Әбілтай. Өнерпаздар мерекеге орай «Алма-Ата» атты туындысын да тарту еткен еді.
«Алматы қаласын дәстүрлі мерекесімен құттықтаймын! Сол бабаларымыздың рухына сай, армандарына адал болып, биікті аласартпай өмір сүрейік», – деді күйші Шәміл Әбілтай.
Тұрғындар мен қонақтарды Қала күні қарсаңында құттықтауды Америка Құрама Штаттарының ресми өкілі де ұмыт қалдырмады.
«Алматылықтар, сіздерді Қала күнімен құттықтаймын! Алматының осындай болуы - оның тұрғындарының арқасы екеніне сенімім мол. Мереке жақсы өтсін! Амандықта жүздескенше», – деді АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Кэролайн Сэвидж.
Алматы - Тәуелсіздіктің бесігі, ел егемендігінің ақ ордасы. Мың бояуға қанық қаланың келбеті бүгінде жаһан шаһарларымен иық тіресер деңгейге жетті. Ал, уақыт көшінде бұл дәреже артып, асқақтай бермек.
Мадина Оқас, «Алматы» телеарнасы