Artsport жүйесі бойынша маңызды проблемалар бар

28.09.2022 20:16

Алматыда спорттық және шығармашылық тапсырысты жүзеге асыру бойынша қоғамдық жұмыс тобының кезекті отырысы өтті

пресс-служба акима Алматы

Алматыда спорттық және шығармашылық тапсырысты жүзеге асыру бойынша қоғамдық жұмыс тобының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.


Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев тексеру комиссиясының төрағасын, Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасарын арнайы шақырғанын атап өтті. Олар жұмыс тобының мүшелеріне балалардың спорттық секциялары мен шығармашылық үйірмелерін жан басына қаржыландыру бағдарламасының іске асырылу барысын тексерудің алдын ала нәтижесін айтады.

"Өздеріңіз білесіздер, 2022 жылы қолданыстағы ваучерлер бойынша жеткізушілерге қызметтерді төлеу үшін биыл қыркүйекке дейін бөлінгені - 11,7 млрд теңге. Бүгінгі таңда artsport.edu.kz сайтының деректері бойынша шұғылданушылар саны 83 мың бала, оның 35,5 мыңы спортпен және 47,5 мыңы шығармашылықпен айналысады. 27 қыркүйектегі жағдай бойынша әкімдікте ұсынылған актілер негізінде осы жылдың маусым айынан тамыз айының соңына дейін көрсетілген қызмет үшін 2,2 млрд теңге көлемінде берешек бар. Бірден хабарлаймын, Алматы қаласы әкімдігінің бюджет комиссиясы бұл соманы мақұлдап, өтінім мәслихатқа жіберілген болатын. Мәслихат отырысы 30 қыркүйекте өтеді. Депутаттар бұл өтінішті қолдайды деп үміттенеміз. Осы себепті әкімдіктің берешек мәселесі шешілген, яғни мәслихат жұма күні мақұлдағаннан кейін, біз одан әрі рәсімдердің жылдам өтуіне және барлық жеткізушілермен есеп айырысуға тырысамыз. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, жалпы, Artsport жүйесі бойынша өте маңызды мәселелер бар. Мұны прокуратура мен тексеру комиссиясының өкілдері де растап отыр", - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.

Қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев Спорт және мәдениет басқармаларының міндеттемелері заңнамаға және бағдарламаны іске асырудың қолданыстағы қағидаларына қатаң сәйкестікте орындалатынын айтты. 

"Қазір тексеру комиссиясы мен прокуратураның алдын ала деректерін ескере отырып, жыл соңына дейін қажетті болжамды қаражат көлемі 8,5 млрд теңгеден 5 млрд теңгеге дейін төмендегенін түсінеміз. Жақын арада, тексеру барысында біз бұл көрсеткіш одан да азаятынына сенімдіміз. Бұл кейбір жеткізушілермен және кем дегенде жүйенің өзінде күрделі проблемалардың бар екенін көрсетеді. Бұл туралы біз бұрыннан айтып келеміз. Дегенмен басқармалар акцептеген ваучерлер бойынша барлық міндеттемелер, егер сөз Алматы қаласында тұратын және тіркелген, секциялар мен үйірмелерге нақты қатысқан адал жеткізушілер, нақты бар балалар туралы болған жағдайда ғана орындалатынын хабарлағымыз келеді. Қауіп-қатер негізінде ешқандай төлемдер, оның ішінде митингілер, дүрлікпе, хайп және т.б. жүргізілмейді. Барлығы заң негізінде, тексеру комиссиясы мен прокуратура айтқан тексерулердің нәтижелеріне сүйене отырып, жалған ақпараттың барлық түрін қоспағанда, яғни қатаң түрде белгіленген ережелер аясында төленеді. Ел Президентінің тапсырмасы біз үшін абсолютті басымдық  және ол кез келген жағдайда орындалады. Біз кейбір жаңа ережелерді министрлік әзірлегенін немесе әлі де әзірленіп жатқанын білеміз, бірақ бұл келесі жылдың мәселесі. Қазір біз қолданыстағы ережелер бойынша жұмыс істейміз", - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.