Бұл бағыттар қазірдің өзінде 80 мыңнан астам адамға қызмет көрсетті
Таудағы жазатайым оқиғалардың қаупін азайту үшін Алматыда 2019 жылдан бастап тау туристері арасында танымал жерлерге маршруттық автобустар іске қосылып, визит-орталықтар құрылып, жаяу соқпақтар абаттандырылды, деп хабарлайды Almaty.tv
Бұл туристер мен құтқарушыларға қолайлы болу үшін жасалды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы Туризм басқармасы басшысының орынбасары Марлен Маралов хабарлады.
Марлен Маралов автобустар жүретін тұрақты тау бағыттарын айтты.
«Алматы агломерациясының таулы курорттарында туристердің көбеюін ескере отырып, Алматы қаласының әкімдігі 2019 жылдың наурыз айынан бастап спорт сарайынан №209, №210, №211 бағыттар бойынша ГАЗ маркалы 9 автобусты іске қосты. Балуан Шолақ "Ski Park Pioneer" мен "Ой-Қарағай – Лесная сказка" тау курорттарына дейін, сондай-ақ "Алмаарасан" шатқалына дейін барады», – деді Туризм басқармасы басшысының орынбасары.
2021 жылдың наурыз айынан бастап Орталық стадионнан биік таулы «Ақ бұлақ» курортына дейінгі №224 бағдар бойынша тағы үш автобус іске қосылды. Бұл бағыттар қазірдің өзінде 80 мыңнан астам адамға қызмет көрсетті.
Сондай-ақ, М. Маралов тау жолдарын абаттандыру мен төрт кемпинг аймағын құру туралы айтты.
«Таулы жерлердегі туристік инфрақұрылымды жақсарту мақсатында 1000 шақырымнан астам жаяу жүру маршруттары цифрландырылды, олардың 500 шақырымы абаттандырылды. Барлық цифрланған бағыттар 2GIS және ViewRanger платформаларында қолжетімді»,– деді М. Маралов.
Осы бағыттар бойында ақпараттық стендтер, көрсеткіштер, ақпараттық қалқандар, ақпараттық бағаналар, орындық пен күркелер орнатылды. Барлық навигациялық стендтерде QR-кодтар бар, онда туристер маршруттың күрделігімен әрі ұзақтығымен және өту уақытымен таныса алады.
Сонымен қатар биыл Үлкен және Кіші Алматы шатқалында жалпы ұзындығы шамамен 172 км болатын тау маршруттарын абаттандыру жоспарлануда.
Туризм басқармасы басшысының орынбасары биыл үлкен Алматы көлінің маңында жалпы ауданы 950 шаршы метр және 800 шаршы метр визит-орталық пен глэмпингтің құрылысы басталатынын айтты.
«Визит-орталықта санитарлық-гигиеналық торап, тамақтану пункті, жазғы террасасы мен тегін Wi-Fi бар туристік ақпараттық орталық болады. Онда әрбір адам туристік бағыттар, соқпақтар туралы ақпараттық қызметтерді, ұлттық парк аумағындағы нысандардың байланыс деректерін, сондай-ақ барлық қажетті жайлылықтары бар глэмпингтерді ала алады»,– деді М. Маралов.
Бұдан басқа, 2022 жылы Qazaq Ayul аумағында "Медеу Парк Отель" қонақ үй кешенінің логикалық жалғасы болатын глэмпинг-отель салу жоспарлануда. Ол 15 үйден тұрады.
Өткен жылы жеке қаражат есебінен "Аюсай" шатқалында, "Горельник" жылу көзінен жоғары, "Медеу" базалық орталығы мен "Шымбұлақтың" ең биік нүктесінде төрт визит-орталық салынды.
Сапар орталықтарында келушілер маршрут карталарын алады және сапарға шықпас бұрын қажетті жабдықты сатып алады. Ең бастысы, туристер өздері туралы және таңдалған бағыт туралы барлық ақпаратты қалдырады. Бұл тауда жоғалу қаупін азайтады және құтқарушылардың жұмысын жеңілдетеді.
Айта кетсек, соңғы екі жылда ТЖД қызметкерлері 178 адамды құтқарды.