Наурызбай ауданы халқының 30%-ы таза ауыз сумен қамтылған – Ерболат Досаев

19.05.2022 20:17
ашық дереккөз

Алматыдағы Наурызбай ауданы халқының тек 30%-ы таза ауыз сумен қамтылған. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Қазіргі таңда аудан халқының тек 30%-ы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген, ал 70%-ы ашық су қоймалары мен жеке скважиналардың суын пайдаланады. Осыған байланысты, менің жұмысымдағы басты басымдық аудан тұрғындарын 100% таза ауыз сумен қамтамасыз ету», – деді әкім.

Оның айтуынша, осы проблеманы шешу үшін қазір Наурызбай ауданының 8 шағынауданында 150 км су құбыры (80% аяқталды) және 75 км канализация желісі (95% аяқталды) салынып жатыр.

«Тастыбұлақ, Таужолы, Жайлау, Қарғалы, Құрамыс шағынаудандарында инженерлік желілердің құрылысы аяқталды. Ақжар және Шұғыла шағынаудандарында инженерлік желілерді салу жұмыстары жүріп жатыр, осы жылдың соңына дейін аяқталады», – деді ол.

Сондай-ақ қазіргі уақытта Ақжар, Шұғыла, Тастыбұлақ шағынаудандарына және 48 бау-бақша қоғамына 37 км су құбыры мен канализация жүргізу үшін жоба әзірленіп жатыр. Жоба 2023 жылдың сәуір айында аяқталады.