«Желтоқсан» саябағы адам танымастай өзгермек. Қазір демалыс орнының құрылысы қызу жүріп жатыр. Аумағы 114 гектар болатын жерге өткен жылы ойын алаңдары салынып, халық игілігіне пайдалануға берілген болатын. Содан бері ағаштар мен қайың ағаштары және шыршалар отырғызылып, мекен абаттандырылып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл – қазақ елі үшін айрықша жыл. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мерейлі мереке аясында қалада түрлі қайырымдылық шаралар мен абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның бірі Түрксіб ауданында өтті. Мұндағы «Желтоқсан» саябағына белсенділер 200 түп ағаш отырғызды. Мақсат – қаланың жасыл белдеуін ұлғайту.
«Қазақ елінің Тәуелсіздігі қалай келді дегенде, ең бірінші, әрине, Алаш бабаларымыздың басынан өткен 400-ден астам көтерілісі еске түседі. Ал Желтоқсан күрескерлері – Алаш қайраткерлерінің аманатын орындаған жастар деп ойлаймыз. Енді біз өз аманатымызды қазақ елінің өсіп келе жатқан жастарына тапсырсақ дейміз», – деді республикалық «Тәуелсіздік қырандары» қозғалысының төрайымы Гүлбахрам Жүніс.
«Енді мұның барлығы рухани байлыққа жатады. Желтоқсан көтерілісінің маңызын ашатын, ол көтерілісті мәңгілік есте қалдыратын, жастарға патриоттық тәрбие беретін саябақ болмақшы», – деді «Желтоқсан қоғамы» ұйымының төрағасы Нұрлыбек Қуанбаев.
Сондай-ақ, жиналған қауымға «Желтоқсан» саябағының жаңа келбеті таныстырылды. Аумағы 114 гектар болатын демалыс орны алдағы уақытта адам танымастай болып өзгермек. Күрделі жұмыс мамыр айында басталған. Қазір мұнда 30-дан астам техника мен 100-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр.
«Желтоқсан» саябағының екінші кезеңі құрылысында жүргіншілер алаңы салынады, балаларға арналаған ойын алаңдары болады, толықтай жарықпен қамтылады», – деді Жасыл экономика басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Абдуллаев.
Желтоқсаншылар қатысқан шара спорттық ойындармен жалғасты. Белсенділер асық ату, арқан тарту, күш сынасу сынды ұлттық ойындарға қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы